Қазіргі таңда еліміздің оңтүстігінде қауын-қарбыз бизнесі қызып тұр. Биыл мақтааралдық диқандар 18 мың гектарға бақша дақылын еккен. Оның ішінде 4 мың гектар жерге пленкалы қауын, 450 гектар жерге пленкалы қарбыз еккен. Оның ішінде 11 мың гектарға ашық қауын және 2,5 мың гектарға ашық қарбыз егілген. Қазір ерте пісетін дақылдар жаппай еліміздің ішкі нарығы мен экспортқа шығарылуда.
Мақтаарал ауданы Диқан ауылының тұрғыны Диляфруз Закирова 10 жылдан бері қауын егіп келеді. Биыл диқан 8 гектарға тәтті шырынның «аэропорт» деген тұқымын еккен. 2-3 келі тартатын қауынның бұл сорты экспортқа арналған. Алыс жолға шыдамды. Шаруа бүгінге дейін 50 тонна қауын өткізгенін айтады.
Қауын қорабын қанша теңгеден өткізіп жатыр?
Диляфруз Закирова, диқан:
- Баға әртүрлі болып тұр. 5-7 мың теңгеден сатамыз. Баға өзгеріп тұр. Бала-шағамның еңбегі. «Аэропорт» күніне піседі екен, күніне жұлып жатырмыз. Ресейге, Алматы, Шымкентке де кетіп жатыр. Бағасы келіссе, соған беріп жатырмыз. Берекесін берсін.
Аудан шаруалары бүгінге дейін 4300 гектарға егілген ерте пісетін қауыннан 1800 тонна өнім алып, сатып үлгерді. Қазір Мақтаарал ауданында дайын өнімді қабылдап, экспортқа жолдайтын 200-ге тарта бекет бар. Ол жерде бақша дақылы арнайы қораптарға салынып, жүк көліктеріне артылады. Былтыр жер емген диқандар әр гектардан 275 центнерден өнім алды.
Данабек Аблатаев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Биылғы жылға да сол центнерді түсірмей, 280-270 центнердің арасында аламыз деген ойдамыз. Өнім қазір Ресей, Белорусь мемлекеттеріне және өзіміздің солтүстік өңірлерге, Астанаға жолдануда. Ерте пісетін қарбыз 450 гектарға егіліп, бүгінгі күні 300 тонна өнім алынып үлгерді. Олар солтүстікке жолдануда.
Биыл Түркістан облысында бақша дақылы 64 мың гектар жерге егілді. Одан 1 млн 800 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Бүгінге дейін өңір диқандары 312 мың тонна өнім жинады. Оның 227 мың тоннасы қарбыз, 85 мың тоннасы қауын. Өндірілген өнімнің 80%-і шет мемлекеттерге экспортталуда.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Өнімнің басым бөлігі сыртқа тасымалданып жатқандықтан ішкі нарықта баға әлі де көтеріңкі. Мәселен, базарда мынадай қауынның 1 келісі қазір 150-160 теңгеден, қарбыз 100 теңгеден саудаланып жатыр. «Ал жаз ортасы ауа бақша дақылдары жаппай піскен кезде баға 20-30 теңгеге дейін түсуі мүмкін», - дейді сатушылар.
Өткен жылы облыс диқандары 442 мың тонна бақша өнімдерін экспорттады. Қалған 100 мың тоннасы еліміздің басқа өңірлеріне сатылды.
Дәулетияр Алшынбай облыстық Ауыл шаруашылығы басқарамасы Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бөлімінің бас маманы:
- Жалпы облыста өндірілген бақша өнімі облыс халқының қажеттілігінен 41 есе, республика халқының қажеттілігін 3,6 есеге артық қамтамасыз етеді. Сондықтан бақша өнімі экспортқа бағытталатын басымды дақылдар қатарынан орын алады.
Қазір оңтүстікте қауын-қарбыз саудасы қызып тұр. Күн сайын 200-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД, Балтық жағалауы елдеріне, Түркия, Германия, Грекия, Монғолияға жол тартып жатыр.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов