Қызылорда облысында жедел басқару орталығы жаңартылды

  • 101
  • 04.07.2025, 18:44

Қызылорда облысындағы жедел басқару орталығы толық жаңғыртылып, заманауи технологиялар енгізілді. Бүгінде құқық бұзу деректері автоматтық жүйе арқылы анықталады. Алдағы уақытта орталық операторларының жұмысы тағы жеңілдей түспек. Енді жасанды интеллекттің игілігін кеңінен қолдану жоспарланған. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Қаланың адам көп шоғырланатын жерлерінде тәулік бойы бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Барлық жазбалар осы жедел басқару орталығына келіп түседі. Полицейлер дәл осы жерде кез келген жағдай бойынша жедел әрекет етеді. 

Жуырда ғана облыстық Полиция департаментінің жедел басқару орталығы толық жаңғыртылды. Заманауи үлгідегі үлкен экрандар орнатылып, операторлардың жұмысы автоматтандырылған жүйеге ауысты. Сонымен қатар бейнеконференция жүйесі іске қосылған. Мұнан бөлек, өңірдегі барлық аудан орталықтарында алғаш рет шағын жедел басқару орталықтары ашылды.

Сәбит Ибадулла, Полиция департаменті бастығының орынбасары:  

- Пилотты түрде «Сұңқар» мобильді кешенін орнаттық. Яғни бұл бізде автоматты түрде құқықбұзушылықтар түрлерін анықтайды. Бұл жерде қауіпсіздік белдіктерін тақпаған, жылдамдықты асыру, ұялы телефондар қолдану, жаяу жүргіншілерді өткізбеу, жарық шам қоспауы. Бір айдың ішінде «Сұңқар» арқылы 27 мың құқықбұзушылық анықталды. Бір комплекстің өзі көптеген құқықбұзушылықты анықтауға мүмкіндік береді.

Бүгінде облыс бойынша 588 бейнебақылау камерасы қоғамдық тәрітіпті үздіксіз қадағалауда. Оның 49-ы жылдамдық өлшеу құралы. Жол ережесі дрондар арқылы да қадағаланып отыр. Ал облыс орталығында 15 дабыл батырмасы іске қосылған.  

Жанат Сейдахметова, жедел басқару орталығының инспекторы:

- Бізде қала бойынша 102 арнасынан бөлек 15 дабыл батырмасы орналасқан. Сонымен қатар 102 қосымшасына кез келген тұрғын өзінің ұялы телефоны арқылы SMS, видео, бейнехабарлама арқылы және мәтін арқылы болып жатқан оқиғаны жібере алады. Сол бізге мына планшетке келіп түседі. Көрсетілген аймақтарға біздің қызметкерлерді жіберіп, заңды, тиісті шараларын көре аламыз.

Биыл облыс бойынша тағы 1 мың 400 бейнабақылау камерасы, 20 «зияткерлік қиылыс» құрылғысы және 58 станционарлық жылдамдық өлшегіш орнату жоспарланған. «Бұл жаңа жүйе жасанды интеллект арқылы барлық құқықбұзу деректерін қалт жібермейді», - дейді мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев, Айтмұхамбат Байділдаев