Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдықты дайындау жөніндегі редакция алқасының алғашқы отырысы өтті.
Басқосуда басылымның ежелгі дәуірге арналған бірінші томы қарастырылды. Алғашқы бөлімнің жетекшісі Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы баяндама жасады. Алқа мүшелері материалдың тұжырымдамасын, мазмұны мен құрылымын талқылады. Редакция алқасы көптомдықтың материалын, карталары мен иллюстрацияларын сараптаудан өткізіп, бекітеді. Сондай-ақ оны баспаға дайындайды.
Жиында Ұлттық ғылым академиясының академигі Жәкен Таймағамбетов, тарих ғылымдарының кандидаты Виктор Мерц пікір білдірді. Редакция алқасының өзге де мүшелері ойларын ортаға салды. Келесі отырыс тамыз айында өтеді. Онда академиялық басылымның екінші томы талқыланады.