Қостанай облысындағы ауылдарға асфальт жол салынып жатыр

  • 46
  • 07.07.2025, 18:39

Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы Көктал және Первомай ауылдарына жаңа жол салынып жатыр. Бұл елді мекендерге баратын көтерме жолда ешқашан асфальт төсеніш болған емес. Осы күнге дейін жол азабын тартып келген жергілікті тұрғындардың қуанышы ерек. Енді ауылдың тірлігі жақсарады деген сенімдері зор.

Күре жолдан Көктал ауылына бұрылатын 34 шақырым аралықтың сиқы осы. Кедір-бұдыр қисайған, ойдым-ойдым ойылған жолмен әрең жетесің.  Былтыр осы жол бойында жөндеу жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге дейін үштен бір бөлігіне асфальт төселген.  Ал мынау Первомай ауылына баратын көтерме жол. 23 шақырым бұл аралықта да әлімсақтан асфальт болған емес.

Кенжеғұл Бижанов, Первомай ауылының тұрғыны:

- Жаңбыр жауса, ми батпақ. Сосын шұңқыр, жолда қалып та жүрген талай уақыттарымыз болды. Жол болмағаннан кейін ауырып қалсаң да, неғып қалсаң да бұрын көп қиындық көрген ауылмыз ғой біз. Қазір енді былтырдан бері жолымыз шүкір жақсарып, биыл енді бітсе, қуаныштың үстінде біздің ауыл болады. Енді жол болса, тіршілік кішкене болады.

Былтыр басталған жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу. Небәрі 4 шақырымы қалған. Мердігер құрылыс барысында жер бедері, климат жағдайы барынша ескерілгенін айтады.

Леонид Жучков, мердігер компанияның өкілі:

- Қиыршық тасқа цемент қосып, төмеңгі қабатын тегістеп, нығыздадық. Қос жиегінде су ағатындай еңіс жасалды. Сондықтан бұл жолға нөсер жаңбырың түк емес.

Ауыл әкімі жол құрылысы басталғаннан бері, көші-қон мәселесі біршама тұрақталғанын айтады.

Нұрбол Қосанов, Первомай ауылының әкімі:

- Қазір енді жол мәселесі шешілсе, қазіргі таңда Алтынсары ауданынан құны бір миллиардтан асатын жобалық сметалық құжаттамасы судың шешіліп жатыр. Тартылып жатыр қазіргі таңда. Енді амандық болса, қазан айында судың да мәселесі, жолдың да мәселесі шешіледі деген ойдамыз.

Әулиекөл ауданы аумағындағы автокөлік жолының жалпы ұзындығы 500 шақырымнан астам. Соның бүгінде 76,5 проценті қанағаттанарлық жағдайда.10 проценттей бөлігі нашар күйде. 

Рустам Жұмағали, Әулиекөл аудандық ткш, жолаушылар көлігі және аж бөлімінің басшысы:

- Биылға жоспарланған Бағаналы ауылына апаратын жолды жөндеу келесі жылға шегерілді. Бұл міндетті түрде жүзеге асырылатын маңызды жобаларымыздың бірі. Тағы бірнеше бағыттың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Облыс бойынша жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге биыл бюджеттен 59 миллиард теңге бөлініп отыр. Жоспарға сәйкес бұл қаржыға мың шақырымнан астам ауыл-аймақ жолдары қалпына келтіріледі.

Авторлар: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.