Жыл басынан бері елде 10 миллионға жуық теміржол билеті сатылды. Оның 2 миллионы – тек маусым айында өткен. Жазғы демалыс қызған шақта күніне екі мыңнан астам вагон жолға шығады. Алайда мұның өзі жолаушылар сұранысын толық жаба алмай отыр. Билет тапшылығына байланысты көпшілік электронды кезекке тұруға мәжбүр.
Жоспарлы демалыс арманға айналуы мүмкін. Өйткені ұшақпен ұшу – қалтаға салмақ, көлікпен бару – машақат. Ал үміт артқан теміржолда бос орын жоқ.
- Енді осы отырғанда Жезқазғана бара жатырмыз. 15 күн бұрын билет алдық. Астынан жоқ орын. Үстінен де орын. Келіншегімнің аяғы ауырады.
– Жезқазғанға билет жоқ. Қазір боковойда барамын, қалай боларын елестете де алмаймын.
– Біз билетті бір апта бұрын ғана алдық, сонда да соңғы екеуін ғана таптық.
– Жазда үнемі осындай қиындықтар болады. Қосымша пойыздар шығарылады деп еді, бәрібір жетіспейді.
Ұлттық тасымалдаушы билет тапшылығы барын жоққа шығармайды. Дегенмен, мәселе күрделі емес дейді. Себебі кей бағыттарға қосымша пойыздар қосылған.
Ерлан Жимайлов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ сату департаментінің директоры:
– Астана – Алматы, Астана – Шымкент, Астана – Ақтөбе бағыттарына қосымша пойыздар қосылды. Алакөлге сұраныс өте жоғары. Биыл бұл бағытта 13 маршрут жұмыс істеп тұр, оның төртеуі – тұрақты, тоғызы – маусымдық.
Билет табылмаса, үміт –электронды кезекте.Мамандар жолаушыларға ресми сайт арқылы кезекке тұруды ұсынады. Биыл бұл жүйені 180 мыңнан астам адам пайдаланған. Алайда 40 пайызы ғана билеттерді сатып алған.
- Пойыз жүрерден 7 күн бұрын электрондық кезекке тұруға болады. 80-90 пайыз жағдайда билет беріледі. Бірақ көпшілік күтпей, жетудің басқа амалын іздеп кетеді. Ал бізде қосымша вагон тіркеліп, жаңа пойыз шығатын жағдайлар кездеседі.
Компания өкілдерінің айтуынша, билет тапшылығын түбегейлі шешу мүмкін емес. Өйткені нақты қанша жолаушы жолға шығатынын алдын ала дөп басып болжау қиын. Барлық жоспар өткен жылдар көрсеткішіне сүйеніп жасалады. Сондықтан мамандар әр жолаушы ертерек қамданғаны дұрыс дейді.
Авторлар: Дана Әлиева, Роза Сатканова, Қайрат Ақтөреев.