Алдағы уақытта несие алуға қатысты талап күшеюі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кейбір нормативтік құқықтық актілерге банк және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы әзірледі. Құжатқа сәйкес, енді интернет арқылы рәсімделген кепілсіз тұтынушылық несие сомасы 150 айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда, қаражат 24 сағат ішінде түспеуі мүмкін. Қаржы тек қарыз алушы келісімді растаған соң ғана беріледі. Сонымен қатар, егер азаматтың бір күн ішінде рәсімдеген бірнеше шағын несиесі осы мөлшерден асып кетсе, онда оған қосымша несие беру тоқтатылмақ. Сондай-ақ, 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан адамдар үшін жаңа талаптар енгізіледі. Банктік немесе микроқаржы омбудсмені лауазымына үміткерлер үшін де талап бар. Бұл шаралар алаяқтықты болдырмау мақсатында және қаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.