Жамбыл облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Жаңаөткел ауылына орталықтандырылған ауызсу желісі жүргізілді.
260 тұрғыны бар шалғайдағы шағын елді мекенде бұған дейін таза су болмаған. Тұрғындар әр ауладан ұңғыма қазып, піспе құдықты пайдаланған. Жаздыгүні судан тарлық болмағанымен, қыста суы қатып, қиындық туындайтын. Сан жылдық мәселе биыл шешімін тапты.
Ауылдағы ауызсу желісін жүргізуге 379 миллион теңге жұмсалды. Бұл қаражат мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бөлінген. Нәтижесінде елді мекен тәулік бойы тіршілік нәрімен қамтылды. Жалпы облыста қайтарылған қаражатқа 19 әлеуметтік жоба салынып жатыр.
Әйгерім Төртбаева, Жаңаөткел ауылының тұрғыны:
- Қазір ауылымызға су кіріп, жағдайымыз жақсарып қалды. Бұған дейін суды сырттан таситынбыз, қыста ол қатып қалатын. Сол кезде біраз әбігерге түсетінбіз. Енді міне, бүкіл ауылға су тартылып, үйімізге орнатып алдық. Қазір тәтті де таза суды үйден ішіп отырмыз.
Арманжан Әбдібеков, Жамбыл ауданы прокуратурасының аға прокуроры:
- Қайтарылған активтердің есебінен қаржыландырылған алдағы екі жыл уақытта берілетін 17 нысанның құрылыс жұмыстары прокуратура органдарының қатаң бақылауында. Яғни көзделген мерзімде толығымен халыққа дәрігерлік амбулатория және ауызсумен жабдықтау жүйелері берілетін болады.