Биыл Петропавлда 50 аула абаттандырылады

  • 42
  • 08.07.2025, 18:44

Ескі көпқабатты үйлердің алды толық жаңартылып, балаларға арналған ойын алаңдары орнатылады. Сонымен қатар көліктерге бөлек автотұрақ салынып, жолдарға асфальт төселеді. 

Бұл ауланың футбол алаңы бір сәтке де босамайды. Балалар таңертеңнен кешке дейін доп теуіп, асыр салып ойнайды. Былтыр көпқабатты тұрғын үйдің алды толық абаттандырылып, жаңа кейіпке енді. 

Мирас Серік, Жамбыл ауданының тұрғыны:

- Мен Жамбыл ауданынан келдім. Менің ауылымда осындай алаң жоқ. Осында бәрі жақсы, ыңғайлы. Түстен кейін көп бала жиналады. Жиі келіп тұрамыз. Футбол ойнап, жай отырып әңгімелесеміз.

Бұл квартал толық абаттандырылды. Көпқабатты үйлердің алдында ата-аналарға да жағдай жасалған. Оларға жаттығу құрылғылары қойылып, орындықтар қойылған. Сонымен қатар автотұрақ ретке келтірілді.

Ирина Евсиенко, қала тұрғыны:

- Балаларға өте ұнайды. Олар футбол ойнайды. Ересектер де кешке баскетболға жиналып, жастық шақты еске алады. Енді көршілермен отырып әңгіме-дүкен құратын орын да бар.

Биыл Петропавлда осындай 50 аула жаңа кейіпке енеді. Яғни 15 квартал. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген. 

Әсем Айтолова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- Бұл үлкен жоба. Бұл жерде спорттық алаңқай, балаларға арналған алаң, футбол алаңдары, баскетбол алаңы, одан бөлек мына көліктерге арналған автотұрақ жасалады. Яғни аула толық абаттандырудан өтеді.

Қазір қалада 200-ден аса аула абаттандырылмаған. Бұл мәселе алдағы жылдары кезең-кезеңмен шешіледі. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов