Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған жаңа стадион аймақ тарихындағы ең ауқымды спорттық нысандардың бірі. Ол 11 мың орынға арналған. Стадионда кәсіби футболшылар ғана емес, қала тұрғындары, жастар мен балалардың спортпен шұғылдануына да толық мүмкіндік қарастырылған.
Қызылордаға жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері спорт нысанының құрылысымен танысты. Сондай-ақ футболшылармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Президент өздеріңізге белгілі соңғы құрылтайда «Барлық облыстарда футбол негізгі ойын болуы керек. Әр облыс орталықтарында, ауданда жақсы алаңдар жасау керек. Стадиондар ескі, жаңарту керек», - деп талап қойды. Міне, Қызылорда облысы бірінші болып еуропалық стандартқа сәйкес стадион салып жатыр.