ШҚО-дағы Топқайың ауылы ауызсудан тарығып отыр

  • 45
  • 08.07.2025, 18:33

Шығыс Қазақстандағы Топқайың ауылының тұрғындары әлі күнге дейін ауызсуды таудағы өзеннен ішіп отыр. Елді мекенге 2 жыл бұрын орталықтандырылған су жүйесі тартылуы тиіс еді. Өкінішке қарай 2021 жылы басталған жоба әлі жүзеге асқан жоқ. Ұзаққа созылған құрылыс мерзімі бірнеше мәрте өзгерді. Бірақ жергілікті билік: «Мәселенің шешімін таптық», - дейді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жыл соңына дейін Топқайыңға сапалы ауызсу беріледі.

Топқайың тұрғындары үшін тіршілік нәрінің әр тамшысы алтынмен тең десе артық айтқандық емес. Әкімдіктің уәде еткен ауызсу желісін күтіп жүргелі 5 жыл болды. Қолы жеткендер суды алыстан тасып ішеді. Ал Гүлнара Тәукенова секілді үлкен кісілерге қиын. Зейнеткер иығына иінағашын асып алып,  таудағы өзеннен күніне бірнеше мәрте су тасиды.

Гүлнәр Тәукенова, Топқайың ауылының тұрғыны:

- Қысы-жазы осыдан ішеміз. 50 жылдан астам уақыт болды осы су бізді асырап отырған. Ауылдың мына жағының барлығы анау құбыр ашылғаннан кейін шет жақтағы ана судан алады. Құбыр қай жерде екенін көрдіңіздер ғой? Маған осы жерден ол жерге бару деген қаншама уақыт, қаншама жер. Сондықтан барлығы өзеннен ішеді.

Ауыл тұрғындары үшін таудан су тасу оңай болмай тұр. Әсіресе қыстыгүндері қиын. Өзен суы қатып қалғандықтан, төменгі ағысына дейін түсу керек. Ақ қар, көк мұзда суға барамын деп сүрініп кетсеңіз, майып болуыңыз мүмкін. Сондықтан 2021 жылы мұнда су желісін тарту жұмыстары басталған.

Самарбек Қайдаров, Топқайың ауылының тұрғыны:

- 4 жыл бұрын қазып тастаған ауылдың ішінде талай «кучкалар» жатыр. Түйедей үлкен-үлкен тастар бар. Аяқ жағындағы тастары ұсағырақ. 1 метр жерге ғана көмілген пластикалық тұрбалар бар. Жаңадан келген мердігер енді оларды қалай іздеп табатынын білмеймін.

Су желісінің құрылысы әкімдік пен жемқорлыққа қарсы қызметтің қатаң бақылауында. Бұл мердігердің созбаққа салған алғашқы нысаны емес екен. Дегенмен құрылыс жұмыстарын соңына дейін жеткізуге уәде берген.

Расул Қарабалинов, Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары:

- Мердігер ұйым бар күшін осы жобаны аяқтауға жұмылдырып жатыр. Жұмыс біртіндеп жолға қойылды. Оларға көмек ретінде қосымша мердігерлер тарттық. Жұмысты әрі қарай Катонқарағайға су жүйесін тартқан ірі компания жалғастыратын болады. Себебі ауыл халқы ауызсуды 4 жылдан бері күтіп жүр.

Қазір ауыл ішіне су құбырлары толығымен тартылды. Жаңа мердігер оны қысымнан өткізіп, сапасын тексеруде. Сонымен қатар сорғы станциясы мен резервуар құрылысы қатар жүріп жатыр. Әкімдік жұмыс жыл соңына дейін толық аяқталады деп сендірді.

Елдос Кәкенов, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов