«НаркоStop!»: Ақтөбеде есірткі жарнамасына қарсы күрес күшейтілді

  • 43
  • 08.07.2025, 18:36

Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы және қалалық прокуратураның бірлесе ұйымдастыруымен «НаркоStop!» акциясы өтті.

Акция нашақорлықтың алдын алу және жастар арасында есірткінің таралуына қарсы ұстанымды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Шараға қатысқан 20-ға тарта белсенді жас үйлер мен ғимараттардың қабырғаларындағы граффити жазбаларды өшіріп, қала тұрғындарына үлгі көрсетті. Сондай-ақ белсенділер қала тұрғындарын есірткі саудасына қатысты тараған ақпараттар болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Серік Меңдібай, қалалық прокуратураның аға прокуроры:

- Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көбінесе қаланың ескі бөлігіндегі теміржол вокзалы маңайы мен орталық базардың айналасы, сондай-ақ халық көп шоғырланатын орындарда орналасқан көпқабатты үйлердің қабырғаларындағы сілтемесі көп ескі жарнамаларды жойып, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз.