Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға, өңдеуге және өткізуге арналған «Алтай» көтерме-тарату орталығы жұмыс істейді.
Мәжіліс Спикері «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат өндіріспен танысты. Сондай-ақ атом электр стансаларына арналған жылу бөлгіш құрастырмалар өндіретін Орталық Азиядағы жалғыз қазақ-қытай бірлескен кәсіпорнына барды. Бұған қоса Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі «Лу Бань шеберханасын» аралады. Онда студенттер озық автомобиль технологияларын зерттеп, электромобиль жөндеу және пайдалану, көлік ағынын басқарудың цифрлық шешімдерін енгізу бойынша білім алады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы:
- Технология дамыған заманда, жасанды интеллект дамыған заманда біздің жастарымыз көштен қалып қоймас үшін, мемлекетімізде сол технологияларды дамыту мақсатында «Лу Бань шеберханасы» сияқты тәжірибені елімізде кеңінен таратуымыз керек. Қазір Астанада ашылады, одан кейін Алматыда ашылады. Бұл – Қытай мемлекетімен ынтымақтастық пен әріптестіктің жарқын үлгісі. Бұл еліміздің технологиялық және инновациялық болашағына жұмыс жасайтын үлкен жоба.