Қайтарылған активтер: Ақмола облысында балалар лагері ашылды

  • 82
  • 09.07.2025, 18:35

Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа балалар лагері ашылды. Демалыс орны Ақкөл ауданында орналасқан. Қазір онда елордалық 200-ден астам бала демалып жатыр.

Балғындардың алғашқы легі маусым айының басында келген. Сауықтыру орталығы бір мезетте 200-ден астам оқушыны қабылдай алады. Осы демалыс маусымында 1700-ге жуық балаға қызмет көрсетуге ниетті.  Балғындардың уақытын тиімді пайдалануы үшін түрлі үйірмелер мен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылған.

Аруна Айдар, оқушы:

- Бұл лагерьдегі 10-шы күніміз. Лагерь өте қатты ұнап жатыр. Себебі мен жаңа достар таптым және отрядымыздағы ара қатынас, тәлімгерлермен қарым-қатынасымыз өте жақын.

Жәмила Бәкенова, оқушы:

- Барлық үйірме бар. Домбыра тартып, сурет салуға болады. Ән айтуға болады.

Қыздар ән айтып, би билесе, ер балалар көбінесе спорттық ойындарға қатысады. «Робототехникаға да сұраныс жоғары», - дейді мамандар. Бұдан бөлек балық аулап, табиғатпен тілдесуге де болады.

Медет Қожамжаров, балалар сауықтыру орталығы директорының орынбасары:

- Бізде үлкен топтар арнайы походқа шығады. Сол походта балалар арнайы палатка құруды үйренеді. Эстафеталық жарыстар болады. Сосын балық аулаудан бізде арнайы көл бар. Қармақтар сатып алдық. Күніне 5-6 баладан 2 сағатқа апарып тұрамыз. 

Диас Сафаров, оқушы:

- Бізге бәрі ұнап жатыр. Әсіресе таза ауа аясында балық аулау керемет. Бұл үйірме жарыс түрінде ұйымдастырылады. Ең көп балық аулаған балалар арнайы марапатталады.

Жалпы аумағы 135 гектарды құрайтын демалыс орны 2023 жылы мемлекет меншігіне қайтарылды. Кейін 2 жыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл маусымда іске қосылды.

Айта кетейік, аймақта қайтарылған активтер есебінен төрт ауылда медициналық нысан бой көтерді. Сондай-ақ Зеренді ауданында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко