Су мамандарының мәртебесі артып келеді

  • 205
  • 09.07.2025, 18:42

Мемлекет тарапынан су мамандарының мәртебесін жоғарылату бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. 

Су ресурс­тары мен ирригация министрлігінің құрылуы су саласындағы қордалан­ған мәселелерді шешуге, саланы дамытуға үлкен серпіліс берді. 

Қайрат Шымыровтың су саласында жұмыс істеп жүргеніне биыл 10 жылдан асты. Мектеп бітірген соң аймақтағы жоғары оқу орнына түсіп, гидромелиоративтік жұмыстар инженері мамандығын алған. Бірақ тоқырау жылдарында жұмыс табылмай, әр салада жүруге мәжбүр болыпты. 30 жылдан соң ғана бала кезгі арманын жүзеге асырып, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Бүгінде ол аймақтағы ауқымды «Теріс Ащыбұлақ» су қоймасына тікелей жауапты қызметкер.

Қайрат Шымыров, «Теріс Ащыбұлақ» су қоймасының басшысы:

- Сушылардың еңбегі мол ғой. Күннің ыстығына қарамай, каналдың бәрін реттеп 40 градус күннің ыстығында жүреді. Біз «Теріс Ащыбұлақ» су қоймасына қыркүйектен бастап көктемгі сәуірге дейін Алатаудан келетін қардың суын жауын-шашын суын жинап отырып, 145 млн куб жинаймыз да мынау Жамбыл ауданындағы алқаптарға су береміз. Су келгенде олар қуанады. Ол бір менің қуанышым емес, ол бүкіл елдің қуанышы. Сондықтан менің ойымша, жақсы маман деген ең алдымен су маманы, су саласының адамы болуы керек.

Ал Ілияс Қазекеев 30 жыл ғұмырын су шаруашылығы саласына арнаған. Сала ардагері жас маманнан бастап басшылық қызметтің бәрін көрді. «Су саласына маман таппай, тоқырған кезеңін де бастан өткердік», - дейді ардагер. Дегенмен министрлік құрылғалы былтыр 7 мың маманның жалақысы орта есеппен 25%-ға өссе, биыл қыркүйектен бастап су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін көтеріледі. Жас мамандарға да қолдау бар.

Ілияс Қазекеев, су шаруашылығы саласының ардагері:

- Бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы болған. Ол тек мұғалім мен дәрігерлерге болған. Қазір су мамандары да қосылып жатыр. Ауылға барса, сол көмекті пайдалануға болады. Бірінші «подъемный» береді, екінші үй салам немесе сатып алам десе, төмен пайызбен несие береді.

Сала мамандарының мәртебесін арттырып, білікті маман даярлау үшін былтыр аймақта Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды. Бүгінде оқу ордасында 300-ге жуық студент білім алып жатыр. Жаңа оқу жылында да тағы сондай талапкер қабылданбақ. Барлығына білім гранты берілмек.

Ғалия Омарова, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ректорының кеңесшісі:

- Біздің университетімізге 280 грант беріліп отыр. Оның 260-ы су саласы бағытына тікелей қатысты. Бізді бітірген мамандарымызды жаңадан Қазақстанның түпкір-түпкірінен ашылып жатқан су бағыты бойынша колледждерге шақырып жатыр. Одан басқа бассейндік инспекциялар да шақырып жатыр және әр облыста орналасқан Қазсушар бөлімдерінде, филиалдарында жұмысқа шақырып жатыр.

Енді су саласының мамандары да «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім ала алады. «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» мамандықтары алғаш басымдық берілген білім беру тізбесіне еніп отыр.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә