2,6 млрд теңге алаяқтардан қорғалды – ІІМ дерегі

  • 65
  • 09.07.2025, 18:53

Жыл басынан бері 11 мыңнан астам интернет алаяқтық тіркелген.

Бұл туралы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай мәлімдеді. Полиция 74 sim-box құрылғысын және тіркелмеген 88 мыңнан астам sim-карта тәркіледі. Бұл деректерге қатысты 30 адам құрықталған. Оның 14-і шетел азаматтары.

Жалпы жыл басынан бері интернет-алаяқтық үшін 870 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал интернет кеңістігінде заңға қайшы мазмұндағы 59 мың интернет ресурс анықталған.

Сүйінбай Жандос, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы:

- Екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, Антифрод-орталығы аясында өзара іс-қимыл жолға қойылған. Нәтижесінде осы платформа арқылы азаматтардан ұрламақ болған 2,6 млрд теңгеден астам қаражаттың шығарылуына жол берілмеді. Байланыс операторларымен бірлесіп «антифрод» жүйесі енгізілді, ол арқылы шетелден жалған нөмірлерден 66,9 млн қоңырау бұғатталды.