Алматыда заманауи екі мектеп таныстырылды

  • 80
  • 09.07.2025, 18:50

Алматыда «Келешек мектептері» Президенттік жобасы аясында бой көтерген екі жаңа білім ордасында ұстаздар мен оқушылар үшін ашық есік күні ұйымдастырылып, мектептердің жайлылығы мен жабдықталу деңгейі таныстырылды. Заманауи мектептерді ұлттық жобаның бас мердігері BCN Group компаниясы тұрғызған. 

Наурызбай ауданындағы «Нұрлы дала» тұрғын үй кешені аумағына салынған мектеп 1,5 мың орынға есептелген. Үшқабатты ғимараттың ауданы шамамен 14,6 мың шаршы метр құрайды. «Бұл үлгілік мектептердің стандартты көрсеткіштерінен 20 процентке артық», -  дейді мердігер компания өкілі.

Света Ахметова, Алматы қ. №214 жалпы білім беретін мектептің кураторы:

- Құрылыс соңында барлық мектептің жабдықталуына, бояуына, барлығына бірге атсалысты. Құрылыс компаниясы бізбен ақылдаса отырып жасады. Әсіресе музыка кабинеттеріне, 350 бала тамақтанатын асханасына осы құрал-жабдықтардың барлығында балалардың өмірінің қауіпсіздігін ескере отырды.

Тағы бір заманауи мектеп Алмалы ауданында бой көтерді. Төрт спортзалы, арнайы зертханалары бар ғимарат қуатты компьютерлер мен ыңғайлы парталармен жабдықталған. Әр қабатта ауызсу бұрқақтары жасалған. Ал сыртта заманауи спорт алаңдары бар. Жаңа мектептер сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сай.

Ғалымжан Тілемісов, BCN Group компаниясының өкілі, нысанның басқарушы директоры:

- Бұл мектептің бір ерекшелігі – балалар буынға бөлінген. Кіші буын өздерінің бөлек блоктары бар. Орта және үлкен буын оқушылары бөлек блокта орналасқан. Арнайы кабинеттер бар. Химия, биология, стем лаборатория кабинеттері қарастырылған. 

BCN Group компаниясы Алматыда қазірдің өзінде төрт мектепті пайдалануға берді, тағы бесеуі 1 қыркүйекке дейін есігін айқара ашады. Ұлттық жоба аясында республика бойынша жалпы сыйымдылығы 29 500 орындық 16 мектеп салынады.

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов