Бүгін, 10 шілде – Ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн елімізде былтырдан бастап ресми түрде атап өтіле бастады. Салада 15 мыңға жуық маман еңбек етіп жүр. Олар ауыл шаруашылығының дамуына күн сайын айтулы үлес қосып келеді.
Зәуреш Ысқақова – 41 жыл бойы санитарлық-ветеринарлық бақылау саласында вирусолог болып еңбек еткен білікті маман. Бұл көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды жұмыс. Себебі талай аурудың алдын алып, қолтаңбасы зертханадағы талай анықтамада қалған. Бүгінде еңбегі еленіп, оған «Еңбек ардагері» төсбелгісі берілді.
Зәуреш Ысқақова, вирусолог-дәрігер:
- Барлық өмірім лабораторияда өтті. Осы күнге келгеніме, жеткеніме, соның бәріне шүкір. Өте қуаныштымын.
Зәуреш Ысқақова сынды сала ардагерлерінің еңбегі ел деңгейінде де еленіп жатыр.
Ветеринария қызметкерлері күні аясында еліміздің әр өңірінде 160 қызметкер мен ардагер марапатталды. Оның ішінде 5 маман ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет» грамотасын иеленсе, 14 қызметкер «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін алды. Тағы 3 адамға «Еңбек ардагері» белгісі табысталды.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Әр салада істеп жатқан вирусолог, бактериолог бар. Бұл өте сондай санаулы мамандар ғой. Оларға көңіл бөлу керек. Сосын жергілікті жерде істеп жатқан вет санитардан бастап жалақысын көтеруге мүмкіндік жасаймыз.
Салаға қолдау мұнымен шектелмейді. Облыстағы мамандар алыс ауылдарға ескі көлікпен қатынамау үші оннан астам су жаңа көлік пен 93 арнайы техниканың кілті табысталды. Бұл ветеринарлардың күнделікті жұмысына үлкен көмек.
Дана Әлиева, Мұхамедәли Тілдабаев