Шетелдегі қазақ балалары Бурабайда бас қосты

  • 339
  • 10.07.2025, 18:48

Жеті мемлекеттен келген 300-ге жуық оқушы курорттық аймақта демалып жатыр. Олар аймақтағы тарихи жерлерді аралап, қазақтың салт-дәстүрмен терең танысады. Биыл жазғы лагерь бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.

Қытайдан келген Әуез Тілеу қос ішек домбыраның құлағында ойнайды. Қазір өнерлі өрен 20-ға жуық күй біледі. Жеткіншек болашақта атамекенге оралып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсуді армандайды.

Әуез Тілеу оқушы (Қытай):

- Домбыраға 5 жасымнан бастап қызықтым. Үйде атамның қара домбырасы бар еді. Сол қара домбыраға қарап, қызығып, әзер үйрендім. Құрманғазы атамның, Нұрғиса атамның, Дина апайдың күйі, тағы да Секен атамның күйлерін білемін.

Оқушылардың дені Өзбекстан мен Моңғолиядан келген. Қазақ даласына алғаш қадам басқан балалар таңданысын жасырмайды. Кейбірі тіпті атамекенді аңсап келгенін айтады.

Жанерке Ерсерік, оқушы (Моңғолия):

- Мен Қазақстанға алғаш келдім. Кіріп келген кезде жүрегім дүрсілдеді ғой. Білмеймін, бір күшті сезім болды. Мен осы Астанаға көшкім келеді. Біз отбасымызбен толық көшкіміз келеді. Егер осы жаққа көшіп жатсақ, менің арманым – қызыл атестат алып, заңгерге оқу.

Жазғы лагерьде балғындар үшін арнайы демалыс бағдарламасы әзірленген. Негізгі екпін ұлттық құндылықтарға беріледі.

Шоқан Оразалин , Республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры:

- Он бес күн бағдарламаның ішінде біздің салт-дәстүрмен танысу, біздің асханамызбен танысу. Соның барлығы екі жұмаға бөлініп қарастырылған. Оның үстінде Бурабайды аралап, Көкшенің көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырамыз.

Ұйымдастырушылар мұнда келуге ниет білдірген мыңдаған жеткіншек арасында қатаң іріктеу жүргізілгенін айтады. Нәтижесінде оқуда үздік, қоғамдық жұмыстарға белсенді балалар ғана жолдама алады.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко