Петропавлда 74 саябақ салынды

  • 57
  • 14.07.2025, 18:32

Петропавлда былтыр су тасқыны басқан аумақтар абаттандырылды. Қаладағы Ойқала және Былғары зауыт шағынаудандарында сүрілген үйлердің орнына 74 саябақ пайда болды. Бұл мақсатқа бюджеттен бірде-бір тиын жұмсалған жоқ. Демалыс орындары кәсіпкерлердің есебінен салынды. 

Петропавлда былтырғы су тасқыны кезінде 1 мың 800 үй бұзылып сүрілді. Содан бері бос жатқан аумақтар абаттандырылып, саябақтар салынды. Енді бұл жерлер тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналады. 

Ольга Попова, қала тұрғыны:

- Енді бұл жерде балалардың күлкісі жаңғырып жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Шағынауданымыз қайта түлеп, адам танымастай кейіпке енді.

Қаладағы су басқан Ойқала және Былғары зауыт ықшамаудандарына балаларға арналған ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер жолағы мен саябақтар салынды. Ал Заречный кентінің тұрғындары бірі қалмай көшірілетін болды. 

Әсем Айтолова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- Биылғы жылы Заречный тұрғындарын толық көшіру шешімі қабылданды. Қазіргі таңда қаланың орталығында оларға арнап екі үй салынып жатыр. Жылдың соңына қарай олар көшіріле бастайды. Бұл абаттандыру жұмыстары әлі де келер жылы да жүргізіледі деп жоспарланып жатыр. Жаңағы Подгора ауданында велосипедтерге арналған жолдарын салу жоспары бар.

Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасады. Ал келесі жылы Петропавлда қор есебінен екі жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов