Phygital (Фиджитал) спорты бойынша ең ірі халықаралық жарыс – «Болашақ ойындары» 2026 жылы Астанада өтетін болды. Физикалық қабілеттен бөлек, цифрлық шешімдерді қажет ететін сайыс 18 шілде мен 1 тамыз аралығына жоспарланған. Оған 100-ге жуық елден 1500-ден астам спортшы қатысады деп болжанып отыр.
Фиджитал жарыс футбол, баскетбол, би, батл және бокс сынды спорттың 13 түрінен ұйымдастырылмақ. Тіпті мүгедектігі бар адамдарға арнайы дисциплина қарастырылған. Ал классикалық спорт жарыстарына балама ретінде кеңінен танылып келе жатқан дүниежүзінде фиджитал турнирлері биыл Әбу Дабиде өтпек.
Нис Хатт, Phygital International ұйымының бас директоры:
- 2026 жылғы ойынды ұйымдастыруға өтініш білдірген елдердің арасынан Қазақстанды іріктеп алдық. Себебі Қазақстан спорттық дәстүрі қалыптасқан, инновация мен технологиялары дамыған ел ретінде белгілі. «Болашақ ойындары» – физикалық және цифрлық ойындардың қосындысы. Ойыншылар бір-бірімен виртуалды түрде жарысып, тәжірибе жинап, қомақты жүлдеге таласады. Сондықтан бұл сайысқа бүкіл әлем көз тігіп отыр.