Осыған байланысты Забадам, Ақниет, Ынтымақ, Шұғыла, Игілік, Тұрлан, Телман және тағы басқа шағынаудандарда электр жарығы уақытша өшіріліп, желіге түсетін жүктемені азайту туралы шешім қабылданды. Өйткені аптап ыстықтан тұрғындардың электр қуатына деген сұранысы сағатына 350 МВт-тан 459 МВт-қа дейін артқан. Апаттың алдын алу үшін жылу электр орталығындағы турбогенератор бірнеше рет уақытша тоқтатылған.
Салаға жауаптылардың сөзінше, сынап бағанасы 40 градустан жоғарыласа шектеу қайта енгізіледі. Сонымен қатар желіні жаңғыртуға бағытталған жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде де электр жарығы ішінара өшіріледі. Өйткені өңірде электр желілерінің 57% тозған.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
- Пайыздық өлшемнің өзінен байқасаңыз тозу деңгейі өте жоғары. Сол себепті мұндай өшулер жоспарлы жұмыс барысында да, күннің ыстық болуы, жел тұруы сияқты табиғи себептерге де байланысты алда да болатынын мен сіздердің назарларыңызға жеткізгім келеді.