Алматы тұрғындарының жылу энергиясы үшін берешегі 2 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл бес жылдан келе жатқан қарыз. Соның 1,5 млрд теңгеге жуығы биылғы жылу маусымына тиесілі. Енді коммуналдық мекеме қарызды тұтынушылардан сот арқылы өндіріп алмақшы.
Мамыр айынан 600-ден астам көпқабатты үй мен ондаған мекеме ыстық судан ажыратылып, 800-ден аса адамның есепшоты бұғатталған. Осыған байланысты жүздеген тұрғын шетелге шыға алмай отыр. Тағы бес мыңнан аса борышкердің ісі сотқа жолданды. «Алматы жылу жүйесі» серіктестігінің өкілдері: «Бұлай жалғаса беретін болса, салада едәуір қиындықтар туындайды», - деп отыр.
Бағдаш Нұрсейітов, «Алматы жылу жүйесі» ЖШС коммерциялық директоры:
- Бұл берешегі бар тұтынушыларға қарыздарды қайтару жұмысы күнделікті жүргізіледі. Бірақ көп тұтынушылар қазандық ошақтың жылу маусымы аяқталғаннан кейін жылу және ыстық су үшін төлемдерді күзге дейін қалдырып отырады. Өйткені, жылудың тоқтауына байланысты енді жылуға ақша төлеу қажеті жоқ деп, барлық төлемдерді күзге дейін кейінге қалдырады. Сондықтан осындай қарыздар жаз айларында өте көп жиналады.