Ақтауда магистральды жылу құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Тозығы жеткен желіні ауыстыру үшін Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінген. Жоба былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталды.
Ақтаудағы магистральды жылу желісінің 79 проценті тозған. Қазір оларды жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Жаңа құбырлар 50 жылға дейін шыдайды», - дейді мамандар. Жылуды ұзақ сақтайтын құбырлар шіріп кетпеуі үшін мырышпен қапталған.
Сәкен Бердібаев, мердігер мекеме өкілі:
- Барлығын алғанда, 44 шақырым құбыр жаңартуға жоспарланған. Соның 2024 жылы 22 шақырымын жаңарттық. Қазіргі таңда келесі 22 шақырымы жаңартылып жатыр. Бүгінгі күнге алып қарағанда сол 22 шақырымның 12 шақырымға жуық құбырын ауыстырдық. Яғни 50 пайызын құрайды.
Қайта жаңғырту жұмыстарына 100 техника мен 150-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Құрылысқа отандық және ресейлік материалдар қолданылып жатыр. «Құбырлар жаңартылғаннан кейін қазылған аумақ абаттандырылады», - дейді жауаптылар.
Нұрлан Орынбасаров, облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы Ақтау қаласындағы жылу желілерінің тозу пайызы көп болғандықтан, тиісті тапсырма берілген болатын. 2024 жылдан бастап Ақтау қаласындағы магистральдық және ішкі шағынаудандағы жылу желілеріне қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Осы жылы 20 км жылу желілері қайта жаңғыртудан өтетін болады. Нәтижесінде Ақтау қаласындағы жылу желілерінің тозу деңгейі 79 пайыздан 75 пайызға төмендейтін болады.
Мердігер мекеме құрылысты қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ал жылу беру маусымы басталғанға дейін желілерді іске қосу, сынақтан өткізу жұмыстары жүргізіледі.
Асланбек Шығыр, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев