Алакөлде ұялы байланыс жақсарады

  • 55
  • 14.07.2025, 18:43

Абай облысында Алакөл туристік аймағын дамытудың Бас жоспары жасалды. Соған сәйкес жағалауда демалыс аймақтарын қайта құру және абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 658 млн теңге бөлінді. Жоспар бойынша жағалаудағы байланыс сапасы жақсартылып, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыс атқарылады. 

Демалыс аймағындағы негізгі мәселенің бірі – интернет жылдамдығының төмендігі. Сондықтан қазір Алакөл жағалауында «Қолжетімді интернет» бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2026 жылы мұнда интернет жылдамдығын секундына 500 мегабитке дейін арттыратын оптикалық байланыс желісі тартылады. Жергілікті билік сонымен қатар жағалау маңында ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының санын да екі есеге көбейтуге ниетті. 

Абзал Серікұлы, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

- 2025 жылдың тамыз айының басында Kcell операторы тағы да бір станциясын жұмысқа қосады. 26-шы жылға тағы да қосымша 5 базовый станция іске қосылады. Сонда барлығы 12 болады. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 6 базалық станция, 26-шы жылға 12 базалық станцияны іске қосамыз. Сотовый операторлармен және «Қазақтелеком» операторларымен  осы жұмыс аяқталғанда Алакөл жағалауындағы байланыс және интернет сұрағы жабылатын болады. 

Жыл соңына дейін судан құтқару станциясы пайдалануға беріледі. Онда 3 автокөлік пен 5 шағын кеме және құрлықта да, суда да жылдам әрекет етуге машықтанған 10 құтқарушы қызмет ететін болады. Ал келер жылы ауданда өрт сөндіру депосы салынып, демалыс аймағын дамытудың Бас жоспары жасалады. Ол жұмыстарға қазынадан 300 млн теңге бөлінді. Туристік аймақтағы тағы бір мәселе – жағалау эрозиясы.  Топырақтың құнарлы қабатын су шайып, соңғы 10 жылда су жағаға шамамен 12 метрге дейін жылжыған.  

Шыңғыс Риаханов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- Жағалау эрозиясын әрі қарай болдырмау үшін біз қазір жағалауды нығайту жобасын әзірлеп жатырмыз. Жобалау жыл он екі ай бір жыл бойы жүргізіліп келеді. Бұрыңғы статистикалық мәліметтер барлығы талқыланып, талданып, енді соның бәрі жобаға түсіп жатыр. Бұйырса, осы 4-ші кварталда жоба дайын болады. Келесі жылы қаржыландыруын күтетін боламыз. 

Алакөлде демалушылар әжетхананың аздығын айтып, жиі шағымданады. Қазір жағалауда тек екі биоәжетхана мен 10 санитарлық орын бар. Маусымның соңына дейін олардың санын он сегізге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

Елдос Кәкенов, Ботакоз Дандыбаева, Медет Өмірханов