Шымкентте медициналық емхананың құрылысы созылып кетті

  • 70
  • 15.07.2025, 18:32

Шымкентте заманауи медициналық емхананың құрылысы созылып кетті. Екі жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында міндеттеме алған кәсіпкермен келісімшарттың күші жойылды. Салаға жауаптылардың сөзінше, құрылысты бастауға қаржылық қиындықтар себеп болған. Салдарынан қала іргесіндегі Қайнарбұлақ саяжайы мен тұрғын алабындағы 60 мыңға тарта адам ем алу үшін әлі орталыққа қатынауға мәжбүр.

Бұл туралы аймақта жұмыс сапарымен жүрген Сенат депутатымен кездесуде айтылды. Айгүл Қапбарова жергілікті тұрғындарды тыңдап, шешімін таппаған өзге де мәселелермен танысты. Жергілікті жұрт апатты деп танылған мектепті бұзу, көшелерді жарықтандырып, көл аумағын абаттандыру керектігін айтты. Сонымен қатар құс фабрикасынан шыққан қолаңса иіс қолқаны қабады. 

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Әлеуметтік әріптестік аясында қазір әкімдік жаңа инвесторларды іздеп жатқан көрінеді. Бұл бойынша біз қосымша тұрғындарға ақпарат береміз. Әрине, медициналық көмекке зәру. Сондықтан бұл мәселені тексеру керек. Бақылау керек деп ойлаймын. Көтерілген мәселелердің бәрі сараланады. Әр сұрақ мемлекеттік органдарға жолданады.