Алматыдағы саябақта заңсыз жұмыс істеген кәсіпкерлеге айыппұл салынды

  • 85
  • 15.07.2025, 18:37

Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта рұқсатсыз жұмыс істеген кәсіпкерлер жауапқа тартылды.

Балаларға арналған электромобильдерді жалға беріп, нәпақа тапқандар ешқандай рұқсат қағазын рәсімдемеген. Әкімдік өкілдері мен тәртіп сақшылары күн сайын рейд жүргізіп, бейберекет бизнестің бетін қайтаруға тырысып әлек. Нәтижесінде биыл саябақта 33 құқықбұзушылық тіркелді. Оның 18-і бойынша 1 миллион 700 мың теңгеден аса айыппұл салынса, 15 кәсіпкерге ескерту жасалған. Бірақ бұл да сабақ болмағандай. Тұрғындар әлеуметтік желіде бұл ретсіздіктің зардабын көгершіндер тартып жатқанына алаңдаулы. Себебі электромобиль айдаған балалар құстарды жиі басып кетеді.

Айдос Есімов, Медеу ауданы әкімдігі Кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы:

- Әкім аппараты тарапынан ешқандай рұқсат қағаздар берілмейді. Бізде ондай құзырлық құқықтарымыз жоқ. Оның барлығы заңсыз және «стихийный торговлямен» айналысып жатқан кәсіпкерлер болып табылады. Саябақ аумағындағы кәсіпкерлердің барлығы заңсыз.