Қаланың кіреберіс тұсына ежелгі қоныстың басты кейіпкерлері: жабайы жылқы мен адам мүсіні орнатылған. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені Солтүстік Қазақстан облысы асаудың алғаш ауыздықталған жері болып саналады.
Энеолит дәуірінде өмір сүрген ежелгі адамдар Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында жабайы жылқыны жүгендеп, сақтардың сүйікті сусыны қымызды өндірді. 1981 жылы ашылған қорымнан 2 мыңнан аса артефакт табылды. Оның бір бөлігі Петропавлдағы тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.
Римма Попович, облыстық тарихи-өлкетану музейі археология бөлімінің меңгерушісі:
- Адамзат жылқыны толық кәдеге жаратты. Оның сүтін сауып, етін жеді. Сүйектерін қару-жарақ, ыдыс-аяқ жасауға пайдаланып, терісін өңдеді. Ең бастысы, мінуге жаратып, алыс сапарларға шықты. Сондықтан Ботай мәдениетін – жаңа дәуір бастауы деуге болады.
Бұл мәдениет тарих беттеріне дала өркениетінің бастауы ретінде жазылды. Тұрақтан табылған қару-жарақ, еңбек құралдары мен үй-жайлары тайпаның таңдаулы тұрмысын танытады.
Жақында Петропавлда «Ботай» монументі орнатылды. Енді қаланың кіреберсінде тұғырға қонған жылқы мен адамның мүсіні «менмұндалап» тұр. Ескерткіштің биіктігі – 14 метр.
Жалын Бауырхан, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:
- Композициялық құрылымы өте күрделі шешіммен жасалған. Үш қырлы тұғырдан тұрады. Үш елді, үш ұлттың тілінде біздің тарихымызды айқындасын деген мақсат болды. Жобаның негізгі идеясы осы.
Ботай қонысы «Қазақстанның киелі жерлері» картасына енгізілген. Тарихи тұрақтағы қазба жұмыстары әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Оған Ұлыбритания археологтары да келіп қатысады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов