Тараздың ортасымен ағып жатқан Қарасу каналы келер жылы абаттандырылатын болды.
Бүгінде 4 шағынауданның ортасындағы алып су арнасын қамыс басып, қоқысқа толып қалған. Оған қоса жағасы маскүнемдер мекеніне айналған. Әкімдік ұзындығы 1,2 шақырымдық каналға келер жылы жөндеу жұмыстарын жүргізетін болды. Әзірге жобалық сметалық құжаттама әзірленген. Арнаны абаттандыруға жергілікті бюджеттен 1 миллиард 150 миллион теңге бөлінбек. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталып, жыл соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жалпы Таразда 8 су арнасы болса, тек Түйте арнасының бір бөлігі абаттандырылған. «Барлығын көгалдандырып, демалыс аймағына айналдыруға 20 млрд теңге керек», - дейді қала әкімінің орынбасары.
Нұрсұлтан Исабеков, қала әкімінің орынбасары:
- 1500 квадрат балалар ойын алаңшасы болады және де 500 шаршы метр қарттарға арналған демалыс аймағы болады. Бұл аймақтардың барлығы бетондалып, «брусчатка» төсеніштерімен жабылып жасалады. Қамыс өсетін аумақтардың барлығы бетондалады.