«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында биыл Шығыс Қазақстанда 7 мектеп ашылады. Бүгінде оның бесеуі, атап айтқанда Өскемен, Риддер қалаларында және Шемонаиха мен Глубокое ауданында пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған білім ошақтары өңірдегі үшауысымды оқыту мәселесін шешуге және оқушыларды қосымша білім берумен қамтуға мүмкіндік берді.
Риддер қаласындағы білім ошақтары түгел жаңалауды қажет етеді. Себебі мұнда жұмыс істеп тұрған 15 мектептің басым бөлігі өткен ғасырдың 30-70 жылдары пайдалануға берілген.
Бұл шағын шаһарда салынған екінші жаңа мектеп. Қазір тағы бір білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген жаңа мектеп заманауи, озық үлгіде жабдықталған.
Жаңа мектепте оқушыларға сапалы білім беруге қажеттінің бәрі бар. Заманауи зертханалармен және қолданбалы өнерге баулитын сыныптармен жабдықталған. «Яғни балаға ерте жастан кәсіби бағдар беруге мүмкіндік мол», - дейді мектеп директоры Бауыржан Дүзбенов. Жаңа ғимаратқа апатты деп танылған екі мектептің оқушылары көшірілді.
Бауыржан Дүзбенов, мектеп директоры:
- Біз анау бұрыңғы оқыған мектепте мен 2013 жылдан бастап жұмыс істедім. Ол жерде ескі мектеп. Онда 240 оқушы оқу керек еді, ал бізде 350-ге дейін оқушы оқыдық. Қазір осы мектепке көшкеннен кейін біз мына жерде қуаныштымыз. Бәрі бар: білім алуға да, біртұтас тәрбие бойынша да бәрі бар.
Мектепте орын тапшылығы болмайды. Қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған блоктар бөлек орналасқан. Юлия Горленко 1-ші қыркүйекті асыға күтіп жүргенін айтады. Оның 5 баласы осы мектепте оқиды. Жаңа оқу жылында кенжесі 1-ші сыныпқа барады.
Юлия Горленко, Риддер қаласының тұрғыны:
- Жаңа мектеп өте жайлы. Балалар барғанша асығып жүр. Оқуға деген құштарлығы артқандай. Мектепте алған әсерлерін үйге келіп үнемі айтып отырады.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ел бойынша биыл жыл соңына дейін 112 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Соның 7-еуі Шығыс Қазақстан облысында ашылады.
Жанғазы Әліпбаев, ШҚО Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша 7 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның 5-еуінің құрылысы аяқталды. 2-еуі ескірген мектептердің орнына салынған, ол Шемонаиха мен Риддер қаласының мектептері. 3-еуі: 1-еуі Глубокое ауданында, 2-еуі Өскемен қаласында салынды. Бүгінгі күнде ол мектептердің лицензиясы алынған. Жұмыс істеп тұр.
2029 республика бойынша 1200 мектеп күрделі жөндеу мен жаңғыртудан өтеді. Ал шығыс өңірде демографиялық өсімді ескере отырып, алдағы 3 жылдың ішінде 10 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.
Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин