Премьер-министр Ұлытау облысындағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарымен танысты.
Жезқазған жылу электр орталығы былтыр «қызыл аймақтан» шығарылған. Қос қазандық пен екі турбинаға күрделі жөндеу жүргізілген. Техникалық тозуды азайту үшін аталған шаралар жалғаса береді. Қазір станция сағатына 175 мегават электр энергиясы мен 363 гигакалория жылу беріп тұр. Орталық аумағында қосымша 75 мегаваттық бу-газ қондырғысының құрылысы басталды.
Олжас Бектенов қаладағы шаруашылық және ауызсу тазарту нысандарын да аралады. Шаһарды тұрақты және сапалы сумен қамту үшін мембраналық технология енгізіліп жатыр. Осылайша құрылғылардың тозуы 90-нан 37%-ға дейін төмендейді. Бұдан бөлек, Премьер-министрге сорғы станциялары, Эскулинск су құбыры мен су тарту құрылыстары туралы ақпарат берілді. Шаруашылық және ауыз су нысандарын жаңғырту кестеден кешігіп жатыр. Үкімет басшысы барлық инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Маруа Келмағанбетова, Жезқазған қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы:
- Мембрандық технологиясы, оның ішінде кері осмос әдісімен суды тазартып, қала халқына сапалы суды жеткізу. Бұл жобаға бюджеттің әр түрінен 11 млрд-қа жуық қаржы бөлінді. Осы жылы 4,5 млрд бөлініп отыр. Оған суды тазартатын кері осмос технологиясы станцияның құрылысы толығымен аяқталады. Кешен құрылысы 2026 жылы аяқталады.