Қостанайда Қазақстандағы ең ірі өндірістік жобаның бірі KIA автозауыты жақында іске қосылады. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып, 1,5 жылда бой көтерген аймақтағы алғашқы ірі шетелдік өндіріс.
2023 жылдың қараша айында басталған жаңа Kia автозауытының құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Зауыттың жалпы аумағы – 62,9 гектар. Ал жобаға салынған инвестиция көлемі 130 миллиард теңгеден асады. Оған Оңтүстік Кореядан келген инженерлер мен қазақстандық мамамандар жұмылдырылған.
Де Ки Кимғ KIA Qazaqstan зауытының бас директоры:
- Қазір бізде 700-ге жуық қызметкер бар. Оның 95 пайызы қазақстандықтар. Әрине, бізде ішкі оқыту курстары бар. Былтырдан бері Кореяға жіберіп, оқытып жатырмыз. Олар біздің штаб-пәтер мен зауыттарда арнайы инженерлік курстардан өтті. Ал осындағы мамандарға Кореядан кәсіби білікті мамандарды шақыртып, заманауи технологияны іске қосуды үйретіп жатырмыз.
Зауыттың негізгі инфроқұрылымы мен инженерлік желісі 95 пайызға дайын. Ұзындығы 5 шақырымнан асатын теміржолдың құрылысы да аяқталған. Бұл өндіріс орны озық технологиялы автоматтандырылған желілермен жабдықталған. Тіпті мұндағы дәнекерлеу, бояу және құрастыру цехында 68 робот жұмыс істейді.
Әмірхан Аманжолов, KIA Qazaqstan зауыты бояу цехының инженер-технологы:
- Бояу цехы бұл әр технологиялық кезеңі маңызы бар орын. Әр ұсақ-түйек өнімнің соңғы сапасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан біздің цехтың талаптарына тазалық, дәлдік, тұрақтылық кіреді.
Зауыт 2025 жылдың қазан айында іске қосылмақ. Ал ағымдағы жылдың соңына дейін шамамен 3000 Kia көлігін шығару жоспарланып отыр.
Алуа Маханбет