Статистика бюросының дерегінше, жыл басынан бері 700 мыңнан астам темір тұлпар тіркелген. Осылайша елдегі көлік саны 6,5 миллионға жуықтады. Автомобильдердің көбеюіне не себеп? Жалпы автопаркіміз қаншалықты жаңарып жатыр?
Дамир Берікұлы, тілші:
- Бұрын Қазақстанның авто нарығында 5-6 көлік маркасы ғана танымал болса, қазір көлік түрлері өте көп. Атынан адам жаңылысады. Бірақ соған сай таңдау да жеткілікті.
Биыл су жаңа көлік тізгіндегендердің бірі астаналық Самат Сүлейманов. Біраз уақыт көліксіз жүрген ол: «Өз көлігің болмаса, қиын екен», - дейді. Сөйтіп жақында несиеге болса да, қытай көлігін тақымдады.
Самат Сүлейманов, қала тұрғыны:
- Бұрын «Бір үйге – бір көлік» деп айтушы еді. Қазіргі заманда енді бір үйде 2-3 көліктен. Біреулерәйеліне де алады, өзіне де алады. Балаларды анда-мұнда секцияларға, үйірмелерге тасиды. Қалада тұрғаннан кейін көлік өте қатты қажет.
Қазақстанда сатылған жаңа көліктердің жартысы несие арқылы рәсімделген. «Елдегі темір тұлпарлар санының көбеюіне де осындай жеңілдіктер мен арнайы бағдарламалар сеп болып отыр», - дейді сарапшылар. Себебі биылдан бастап өзге қарызы болса да, автонесие беріле береді.
Сұңқар Жұртбай, сарапшы:
- Былтыр, биыл әсіресе, мынау Қытай көліктеріне несиеге сату көбейді. Өйткені оларда алғашқы төлемнің төмендеуі және жылдық пайыздың төмендетуіне байланысты жаңа көліктер аз-маз болса да қолжетімді боп қалды.
Осыдан 10 жыл бұрын кедендік рәсімдеу жеңіл боп тұрған тұста елге кіргізілген темір тұлпарлар қазір әбден ескірді. Осы тұста айта кетейін, Қазақстандағы көліктердің 67 пайызы, яғни 4 млн-нан астамы көне. Олардың зауыттан шыққанына 10 жылдан асып, 20 жылға жуықтаған. 30 жылдан асқан көліктердің бар екені де белгілі. 25 пайызы 3 жылдан 10 жасқа дейінгі автомобильдер болса, тек 7 пайызы жаңа және 3 жылға дейінгі көліктер.
- Жалпы көліктердің орта жасы Қазақстанда қатты жаңара қойған жоқ. Иә, жаңадан сатылған көліктер көбейді. Бірақ тіркеуден ескі көліктер шыққан жоқ. Көп шыққан жоқ.
Себебі ескі көліктердің үлесі әлі де басым. Соңғы жылдары 20 жылдан аса жүрілген көлік саны 5-6 пайызға ғана азайған. Ал жаңа көлік алатын қазақстандықтар бұрынғыдай Жапония мен Америка көліктеріне емес, өзімізде құрастырылатын автомобильдерге көптеп қызығушылық таныта бастапты. Одан кейінгі орында әрине, Қытай көліктері тұр.
Әр адамның темір тұлпарды тізгіндегені жақсы шығар. Алайда көліктің көбеюі қозғалыстың қиындауы мен экологияның бүлінуіне алып келеді. Онсыз да Қазақстан қазір әлемдік рейтингте кептелісі көп елдердің қатарында. Ал жаһанның дамыған мемлекеттері көп көліктен қалай құтыларын білмей, салықты көбейтіп, қалаға кіру үшін төлемақы енгізіп жатыр.
Дамир Берікұлы, Бауыржан Ебелеков, Мұхамбетәлі Тілдабаев