Елдегі ең үздік қымыз анықталды

  • 34
  • 21.07.2025, 18:45

Қымыз көлемі жағынан рекорд та жаңарды. «BaiQymyz – бапталған қымыз» гастрофестиваліне қатысушылар халыққа 30 тоннадан астам ұлттық сусын ұсынды. 

«BaiQymyz – бапталған қымыз» гастрофестивалі елорданы екі күн бойы ұлттық дәм мен дәстүрдің үлкен думанына айналдырды. 70 мыңнан астам қонақ келіп, ұлттық сусынымыз қымыздан дәм татты. 

Дмитрий Рудис, фестиваль қонағы:

- Біз бұл шараға арнайылап алыстан ат терлетіп келдік. Қымыз – шипалы сусын. Сондықтан барлық өңірден әкелінген қымыздың дәмін татып көріп жатырмыз. Әрқайсысының өзіндік дәмі бар. Осындай мүмкіндік туғанына қуанып отырмыз. Көп рақмет.

Фестиваль аясында «Ең үздік қымыз» байқауы өтті. Жеңімпаздар халықтың дауыс беруі арқылы анықталды. Бас жүлде – 20 миллион теңге Абай облысындағы «Жаныс» қожалығына бұйырды.

Жұмажан Қалтаев, фестиваль ұйымдастырушысы:

- Фестиваль аясында бүгін Қазақстанның рекордын жаңартып отырмыз. Бір жерге 30 тоннаға жуық қымыз жиналды. Қымыз жарысында жүлде қоры 45 миллион. 1 орынға 20 миллион, 2 орын 15 миллион, 3 орын 10 миллион.

Ең үздік қымызды анықтау 4 талап бойынша жүзеге асты. Халық дауысынан бөлек, қазылар алқасының пікірі ескерілді. Сондай-ақ өндірушінің нарыққа бейімделуі, қымызды сатуда қолданатын әдіс-тәсілдері назарға алынды. Қосымша зертханалық тексеріс арқылы қымыз құрамында ауыр металдардың бар-жоғы анықталады.

Серғазы Исабеков, қымыз өндіруші:

- Мен Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылынан келіп отырмын. Өзімнің қымыздарымды әкеліп, халыққа көрсету үшін, дәмін тату үшін 600 литр қымыз әкелдім. 25 шақты бие сауамыз. Күніне 120-130-дай литр қымыз шығарамыз.

Сондай-ақ алғаш рет «Ер қанаты» атты жылқы көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда «мұғалжар», «жабы», «Қостанай» секілді тұқымдармен қатар таза қанды ағылшын мен ахалтеке секілді сирек жылқылар да таныстырылды. 

Дана Әлиева, Мерей Талап