Ақтауда 102 отбасы арнайы есепте тұр

  • 23
  • 21.07.2025, 18:38

Биыл Ақтауда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 67 қылмыс тіркелген. Алайда зардап шеккендердің көбі арызын қайтып алуына байланысты біраз іс қысқартылған.

Полицияның мәліметінше, отбасындағы ұрыс-жанжалға қатысты күніне 5-6 шағым түседі. Алты айда 1200 рет шақырту болған. Зорлық-зомбылық әрекеті жиі қайталанатын 102 отбасы есепке алынды. Қоғамдағы осы өзекті мәселе «Отбасындағы зорлық-зомбылық — бала болашағына қауіп» деген   тақырыппен өткен жиында талқыланды. Шараға тәртіп сақшылары, әлеуметтік қызметкерлер, білім беру жүйесі және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Олар отбасындағы зорлық-зомбылықты дер кезінде анықтау, жәбірленушілерге көмек көрсету, агрессорлармен жұмыс істеу және балаларды қорғау шаралары туралы айтты.

Кәмила Қылышаева, қалалық ПБ Жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы:

- Жалпы осы бойынша 67 қылмыс тіркелді. Оның 59-ы татуласуына байланысты қысқарды. Туыстардан, көршілерден ұят болады дегеннен жауапкершілікке тартудан бас тартып, бізге жауапкершілікке тартпауын сұрап, арызданып жатады.