Бие сүтінен нәрестелерге арналған ұнтақ шығарылды

  • 31
  • 21.07.2025, 18:33

Бие сүті ауруға – ем, сауға – қуат. Біздің халық сол сүттен 40-қа жуық қымыз түрін жасайды. Жаңа сауған саумалды неміс технологиясымен құрғатуды да жолға қойды. Таяуда бие сүтінен нәрестеге арналған ұнтақ та нарыққа шығады. 

Мақпал Мадиярова, тілші:

- Жылқы қазақтың берекесі, қазақтың байлығы. Мінсең – көлік, жесең – ет, ал қымызы жанға шипа.

Қыдырбек Мейрамбеков, кәсіпкер:

- Біздің бабаларымыз мыңдаған жылдар осы биенің сүті мен етінің арқасында тірі қалды ғой. Ол кезде не дәріхана жоқ, не аурухана жоқ. 

Бие сүтінің емдік қасиеті туралы 1883 жылы шотландық дәрігер-ғалым Джордж Карик екі том кітап жазған. Тіпті ол Орынборға келіп, туберкулезді қымызбен емдейтін санаторий да ашқан.   

Салтанат Әшімова, Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары:

- 1903 жылы Санкт-Петербургте шыққан кітапта былай делінген: ел-елді, жер-жерді аралап жүргенде, 18 бие сауып жатқан адамдарға кезігеді. Олар туралы әңгімелесіп, «неге мен қымызбен емдейтін санаторий ашпасқа?» деп ойлайды. Орынбор өлкесінде биелер алып, қымыз өндіріп, оны бөтелкелерге құйып, ұсынған екен.

Қазір бізде 5 млн-ға жуық жылқы бар. Ет те, сүт те жетерлік. Тек кәдеге жарату керек. Ата кәсіппен айналысатын Нұрғали Жоламановтың айтуынша, елімізде жылқы сүтімен емдейтін орталықтар ашу қажет. 

Нұрғали Жоламанов, шаруа қожалығының басшысы:

- Башқұрттарда «Башқұртский қымыз» деген бар ғой. Оларда қымызбен емдейтін санаторийлер бар. Ол да біздің фермаларда ашылса, апарып тапсыруға мүмкіндік береді. Фермерлерден сүтті жақсы бағамен алса. 

Қазір біздің нарықта қымыздың сан түрі бар. Сондай-ақ қымыздан дәмі тіл үйіретін балмұздақ та жасалып жатыр. Ал қымызды әлемдік нарыққа неміс фермері Ханс Цольман шығарды. Ол бие сүтін құрғатып, ұнтақ жасайтын технологияны ойлап тапты. Қазіргі таңда Германияда бие сүтінің ұнтағын жасайтын 60-қа жуық зауыт бар. Ал Ханстың технологиясын Қазақстанға алып келген алғашқы кәсіпкер Қыдырбек Мейрамбеков. Ол құрғақ саумал өндірісін жолға қойды. Енді балаларға арналған ұнтақ сүт жасауды қолға алып жатыр. 

Қыдырбек Мейрамбеков, кәсіпкер

- Дүниежүзі әлі білмейді бұның қадір-қасиетін. Биенің сүті аналардың сүтіне өте ұқсас, екі түрлі ақуыз бар, ол козеин, альбумин. Козеин сиырдың сүтінде 80 пайыз, қорытылмайтын ақуыз, ал әйел азаматтардың сүтіндегі 80 пайызы альбумин, қанға сіңіп кетеді. Ал бие сүтінде 70 пайызы – альбумин.

Ал Қостанай облысындағы бие сүтін құрғататын зауыт Германияның компаниясымен бірлесіп, жылқы сүтінен косметология өнімдерін, спортшыларға арналған тағамдар шығармақ. Бұл зауыт Көшім жылқысының сүтін пайдаланып отыр. 35-40 жылқыдан күніне 100-150 литр сүт алады. 

Евгений Щербинин, технолог:

- Сүт құбырмен 700 литрлік салқындатқыш танкке келіп түседі. Бұл жерде +4 градусқа дейін салқындатылады. Одан кейін пастерлеу аппаратында өңделеді. Температураны бақылау арқылы бие сүтінің табиғи құрамын барынша сақтауға тырысамыз. Соңында сұйықтықтың бәрі сублиматорлық камераларға жіберіледі. 

Сублиматорлық камералар сүтті бір ысытып, бір суытып қатырады. Бұл технология сүттің құрамындағы пайдалы затты сол күйінде сақтайды. 10 литр бие сүтінен 1 килограм ұнтақ шығады. Қазіргі таңда  капсуладағы саумалдың да жарнамасы жер жарып жатыр. «Бірақ бұл өнімнің ешқандай пайдасы жоқ», - дейді Қыдырбек мырза.   

Қыдырбек Мейрамбеков, кәсіпкер:

Бұл «шарлатанство». 0,2 грамм капсула тілдің ұшында қалады, оны биенің сүтін ұрттап ішу керек. Ал 20 грамм – бір стақан нормасы. 20 грамм ұнтақ ішке түсуі үшін 60-65 капсула ішу қажет. Денсаулығы дұрыс адам 66 капсуланы қалай жұтады?

Қыдырбек мырза: «Денсаулыққа пайдалы ұнтақты Еуропа, АҚШ, Қытай нарығына шығарсақ», - дейді. Ол үшін Ауыл шаруашылығы мен Сыртқы істер министрліктерінің қолдауы қажет. 

Мақпал Мадиярова, Мейірбек Бесбаев