Ақтауда ықшамаудандар ұлттық нақыштағы экодизайнмен безендіріліп жатыр. Бұл жаңаша бағытты жергілікті кәсіпкер Ирина Калининская бірінші болып қолға алды. Бүгінде қазақ мәдениеті мен материалдық емес құндылықтарының нышандары көшелер мен аулаларға ерекше көрік беріп тұр. Мұндай тәсіл мәдени мұраны сақтап, жас ұрпаққа насихаттауға да көмектеседі.
Бұл аула көрген адамды сүйсінтеді. Мұнда ағаштар мен гүлдер егіліп, этнонақыштағы сәулет нышандары орнатылған. Мысалы, мына киіз үй мен алтыбақан аулаға ерекше көрік беріп тұр.
Ерекше жобаны алғаш қолға алған жергілікті кәсіпкер Ирина Калининская. Ол табиғи шикізаттан ұлттық нақыштағы дүниелерді жасайды. Бүгінгі таңда қала көшелері мен аулаларынан оның 20-ға жуық жұмысын көруге болады.
Ирина Калининская, кәсіпкер:
- Еуропа, Америка пластиктен баяғыда бас тартқан. Оның орнына фанер мен ағашты пайдалануға көшкен. Бұл қоршаған орта ластанбауы үшін жасалған ерекше қадам. Мысалы, оларда отырып саялайтын орынды жабайы жүзім бойлап өскен. Бұл сырт көзге ерекше әсем көрініп тұрады. Осындай безендірудің арқасында қаланы жасыл желекпен жайнатып қоюға болады.
Негізгі жұмыс мына кәсіпорында жасалады. Қажетті ағаш көрші елдерден жеткізіледі. Олардан шеберлер түрлі пішін жасайды. Мұнда 20-дан астам жергілікті тұрғын еңбек етеді. Марат Қайыржанов бұрын қарапайым жұмысшы болса, қазір білікті шебер.
Марат Қайыржанов, ағаш шебері:
- Ағашпен жұмыс істейтін станоктар бар. Алғашында маған қалай жұмыс істеу керектігін көрсетті, үйретті. Құралдарды қалай қолдану керек, қауіпсіздік ережелері жайлы айтты — мысалы, жарақат алмау үшін сәл алысырақ тұру қажет. Біз қаланың ішінде пайдаланылатын орындықтар, беседкалар мен қоқыс жәшіктерін жасаймыз.
Жақында Ирина Калининская «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы арқылы Германиядан оқудан оралды. Ол жақта экодизайн саласындағы әріптестерінен тәжірибе жинады. Бағдарлама бойынша ерекше және өміршең кәсіпті қолға алаған жандар осылайша шетелде біліктілігін арттыра алады.
Аққу Айтжанова, Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- «Іскерлік байланыстар» бұл біздің бизнес үшін шетелдік компаниялармен, оның ішінде Германия мен Жапониядағы әріптестермен қатынастар құруға мүмкіндік береді. 2023 жылы Маңғыстау облысынан бір кәсіпкер жеңімпаз атанды. 2024 жылы екі кәсіпкер Германияда тағылымдамадан өтті. Олар бірінші кезеңде 5 апталық онлайн оқудан өтіп, екінші кезеңде 3 апта Германияда курстан өтеді. Оқу бизнестің түрлі бағыттары бойынша өтеді.
Жақында кәсібі денсаулық сақтау саласына қатысты тағы бір адам тәжірибе алмасу үшін шетелге аттанады.
Руслан Нұрланұлы, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев