«Шілденің шіліңгір ыстығы алдағы күндері күшейеді»,– дейді синоптиктер. Елдің басым бөлігінде сынап бағанасы 38-40 градусқа жоғарылайтынын ескертті. Аптап ыстықта Алматы облысының Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылында су жоқ. Тұрғындар: «Бірнеше күннен бері жекенің құдығындағы судың өзіне зар болып отырмыз»,– дейді.
Алматы облысының Талғар ауданындағы Тұздыбастауда тұратын 400 үй тұрғындары суды мына ұңғыма арқылы алады. Бұл ұңғыма кәсіпкер «Таласбаеваға» тиесілі. Мәңгілік Ел, Нұрлы жол және Ғабит Мүсірепов көшелерінің тұрғындары аптап ыстықта неге сусыз қала беретіндерін түсінбей дал. Себебін сұрап, кәсіпкерге хабарластық. Ол сұхбат беруден бас тартты. Айтуынша, ұңғымадағы насос істен шыққан. Жұртшылық мұндай жағдай жиі қайталанады деп отыр.
Ақлима Қабылбаева, ауыл тұрғыны:
-Мынау технический су. Ішуге болмайды. Тіпті ыдысты жуғанда накип ыдыста қасықта, вилкада, пышақта болады. Сол себепті біз ішетін суды бәріміз сатып аламыз. Бізге су берсін. Ішетін су берсін, ауыз су берсін. Тұрғындардың айтуынша, биыл ауыл маңына үлкен хауыз салынған. Содан бері судың тапшылығы байқалған.
Айтқалы Жұртшытегі, ауыл тұрғыны:
-Бассейн келгелі осы су тоқтады. Енді су жоқ дегені мына 21 ғасырда өте ұят.
Аталған үш көшедегі тұрғындар жауапты мекемелерге, әкімдікке де шағымданған. Бірақ жағдайдың қалыпқа келер түрі көрінбейді.
Гауһар Билибаева, Тұздыбастау ауылдық округі әкімінің орынбасары:
-Судың көлемі жеткіліксіз болып жатыр халыққа. Негізгі су 3 көшеде ғана жоқ боп тұр. Қалған үйлердің бәрін қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе сол скважинаның суымен. Оның ішінде жаңағы 3 көшеде 85 үйдей бар деді. «Білмеймін не себепті, бірақ су жетпейді»,– дейді.
Сюжетті әзірлеу барысында тұрғындардан Тұздыбастауға ұңғымадан су қайта беріле бастағаны туралы хабар келді. Бірақ мәселе мұнымен толық шешілмейді. Себебі әкімдіктегілер орталық сумен қамту жүйесін жаңарту керектігін айтады. Оның қашан іске асатыны белгісіз.
Алуа Ералықызы, Мұхит Құдықбаев, Кенже Амраев