Өрт қаупі: «Қазақавиаорманқорғау» жұмысы қыза түсті

  • 122
  • 22.07.2025, 18:41

Өрт сөндірушілер үшін ең сындарлы кезең - жазғы маусым. Өрт қаупі жоғары. Мәселен, жыл басынан бері елдің солтүстігінде 29 орман өрті тіркелген. Құзырлы сала мамандарымен бірге әріптесім Диана Қадыр «Қазақ авиа орман қорғау» кәсіпорнының мамандарымен жүздесіп қайтты.  

Бурабай авиациялық бөлімшесіне 171 мың гектар орманды алқапты бақылау жүктелген. Солтүстік бөлігіне жауапты мамандар тобын Сағындық Абдрахманов жетекшілік етеді. Ол 10 жылдан астам уақыттан бері осы салада жұмыс істейді.

Сағындық Абдрахманов,  «Қазавиаорманқорғау» РМҚК солтүстік буын басшысы:

-Солтүстік буын бойынша 5 авиа бөлімшеміз бар. Әр авиабөлімшеде 1 немесе 2 группа десантшы бар. Солтүстік бойынша 80-нен артық өрт сөндіруші десант бар. Әр авиабөлімшеде бір-бір тік ұшақтан. Солтүстік буын бойынша осындай Еврокоптер 145 пен МИ-2, Босто 5 бар. Қазақстан бойынша 15 авиа бөлімше бар. Өрт сөндіруші саны 200-ден асады. Бірінші тікұшақпен қорғаймыз.

Жаздың аптап ыстығында өрт қаупі өте жоғары. Мысалы, өткен аптада солтүстік өңірде 30 орман өрті тіркеліпті. Оның 16-сын «Қазақавиаорманқорғау» мамандары сөндірген. Өрт маусымы басталғалы республика бойынша жалпы 294 өрт оқиғасы болған. Жүзден астамы әуеден бақылау арқылы жедел анықталып, оқшауланған.

«Қазақавиаорманқорғау» қызметкерлері тек орман өртін ғана емес, мұндағы заңсыз әрекеттерді әуеден осылай бақылайды. Мамандардың айтуынша, екі апта жаңбыр жаумай, ауа райы аса құрғақ болса олар үшін күрделі кезең басталды. 3 өрт сөндіруші-десант пен бас маман 18 литрден су алып жерден гөрі әуеде көп уақыт өткізеді.

Виктор Загоруйко, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК авиация бөлімінің жетекшісі:

-Өрт сөндіріп жатқан кезде адамның үрейленуге уақыты жоқ. Адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, желдің бағытын, екпінін бақылап отыруың керек. Құдай сақтасын, өрт бағыты өзгеріп, адамдарды басып қалмауы тиіс. Ең маңыздысы егер күтпеген жағдай орын алса, радиостанция арқылы оларды қауіпсіз қашықтыққа шегінуге бағыттау қажет.

Бұрын, қыс мезгілінде өрт сөндірушілер уақытша жұмыстан босатылып, жалақысыз қалатын. Қазір олар жұмысты жыл бойына атқара алады. Орман қорғау қызметін қаржыландыру көлемі айтарлықтай артты. Өткен жылы республикалық бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлініп, мамандардың жалақысы 100% көтерілді.

Диана Қадыр, Қали Несіпбаев