Арай тұрғын үй алабындағы инфрақұрылым қашан жөнделеді?

  • 33
  • 22.07.2025, 18:48

Тараздың іргесінде 15 жыл бұрын құрылған Арай тұрғын үй алабында бірде-бір көшеге әлі күнге асфальт төселмеген. Жұрт жаңбырлы күні батпақ кешіп, жаздыгүні шаңдатып жүр. Тұрғындар қоғамдық көліктің де жоқтығын айтып шағымданды. Қордаланған мәселе қашан шешімін табады? 

Бұрыл ауылына қарасты Арай тұрғын үй алабы Тараздан 2 шақырым жерде орналасқан. Жұрт мұнда 15 жыл бұрын қоныстана бастады. Қазір ауылда 11 көше бар. 700-ге жуық халық тұрады. Бірақ бірде бір көше асфальтталмаған. Күдері үзілген жұрт ақша жиып өздері жөндеуге тырысыпты.

Жазира Сәрсенова, Бұрыл ауылының тұрғыны:

-Мына жерге ақша жинап, тасты өзіміз төсеп, жолды тегістедік. Осы көше ана көшені де өзіміз тегістедік. Балаларға қиын батпақ болады, аяқтары ластанып. Менің өзім жасым келсе де, мынандай тас-тас жолда жүргім келмейді. Аяғыма батады, мен де асфальтта жүргім келеді. 

Тұрғындардың басым көпшілігі облыс орталығында жұмыс істейді. Студенттер мен кейбір мектеп оқушылары қалаға қатынап оқиды. Ал қоғамдық көлік болмаған соң жүріп-тұру да қиын. Жұрт автобусқа міну үшін көршілес орналасқан Қайнар тұрғын үй алабына баруы керек. 

Ізімкүл Қожабергенова, Бұрыл ауылының тұрғыны:

-Автобусқа мінетін жерге бізге бір сағат, балаларға 30 минут шығар жастарға. Аялдама да жоқ ол жақта. Әшейін қызыл көпір деген көпірден түсіп қаламыз. Көлеңке де жоқ, аялдама да жоқ. Балаларымыз қалада колледжде, институтта оқиды. Балаларымыз жұмысқа шығады. Бәрі сол автобусқа мініп рахаттанып отырғанбыз. Тоқтағаны ең қиыны болып тұр. Енді сабақ басталады, бізге уайым болып тұр. 

Жергілікті билік жолдың мәселесін шешу үшін былтыр жобалық сметалық құжаттама жасап қаржы сұраған. Бірақ қаражат бөлу кейінге шегеріліпті. Сөйтіп жол жөндеу жұмыстары биылғы жоспарға кірмей қалды. 

Саламат Ысқақов, Бұрыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

-Биылдыққа жолдарды кіргізу себебіміз ол кісілер бұрынғы тұрғындар 25-35 жыл асфальт көрмеген. Көшелері мынадан да жаман, ойдым-ойдым. Енді рет-ретімен Бұрылды реттейік деп шештік. Келесі 2026 жылы осы Арай алқабын асфальт төсейміз деп жоспарлап отырмыз.  

Жергілікті билік қоғамдық көлік мәселесін келер жылы шешпек. Ол үшін тасымалдаушы компаниялармен де келісімге келген. Енді тек аудан билігі тарапынан субсидия бөлу ғана қалып отыр. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә