Ақтөбе облысының жылу жүйелері жаңартылып жатыр

  • 34
  • 22.07.2025, 18:50

Ақтөбе облысының орталығында 150 көпқабатты ғимаратты жылумен қамтамасыз етіп отырған магистральдік жүйе жаңартылуға тиіс. Жылыту маусымына дайындыққа 19,1 миллиард теңге жұмсау көзделген. Барлығы коммуналдық мекемелердің инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. 

 Қарасай батыр көшесіндегі бұл магистральдік желі 30 жылдан бері жаңармаған. Өткен қыста бірнеше жерден жарылып, тұрғындар жарты күнге дейін жылусыз қалған еді. Әбден ескірген құбырдың 166 метрі ауыстырылады. Абонент санының артуына байланысты үлкен диаметрлі құбырлар орнатылады. 

Мұса Ыбраев, Сумен қамту компаниясы бөлім басшысының орынбасары:

-Ескі қаланың басым көпшілігін жылумен қамтамасыз етеді. 150-ден астам көпқабатты үйді, балабақша, мекемелер және тағы басқалары. Жылу жүйесінің енді уақыты келді, тозды, соны қазір жаңартып жатырмыз. 

Жалпы биыл Ақтөбе облысында 7 шақырымға жуық жылу желісін жаңарту көзделген. Ал облыс орталығында 1,2 шақырым құбыр ауыстырылады. Шаһардың 80% жылумен қамтамасыз етіп отырған «Ақтөбе Жылу Электр Орталығы» станциясында да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Серік Дәулетов, облыстық энергетика ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары: 

-АқтөбеТЭЦ-тегі 13 су қазандықтары бүгінгі уақытта жетеуі толығымен жөнделді. Қалған сегізінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 8 млрдқа жуық өздерінің инвест бағдарламасына жүргізіп жатыр.

Коммуналдық салаға жауапты мекеме өкілдері жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүріп жатқанын жеткізді. Бюджеттік ұйымдар мен көгілдір отын желісі тартылмаған ауыл халқына қажетті 42 мың тонна көмір тамыз айында жеткізіледі. Бұл мақсатқа 1 млрд теңге жұмсалады. 

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов