Елде сұранысқа ие мамандықтар тізімі әзірленіп жатыр

  • 30
  • 22.07.2025, 18:54

Қазір елде алдағы 5-10 жылда сұранысы жоғары болатын мамандық тізімі жасалып жатыр. Қазірдің өзінде 9 облыс бойынша арнайы карта әзірленген. Қалған аймақтар бойынша зерттеу жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. 

«Мамандығым болашағым». Әр аймақтың еңбек нарығын зерттеуге арналған мемлекеттік жоба осылай аталады. Сарапшылар өңірлердің ерекшелігі, университеттер мен колледжердің мүмкіндігі және жұмыс берушілердің сұранысына талдау жасапты. Соның негізінде мамандықтар мен құзыреттіліктердің картасын әзірлеген. 

Олжас Сәкенов, «Мамандығым - болашағым» мемлекеттік жоба кеңсесінің жетекшісі:

-Мысалы, Қостанайда көбінесе агроөнеркәсіп, машина жасау, инженерлер, операторлар. Оңтүстіктегі ірі қалаларда көбінесе логистика, транспорт саласына тағы да басқа қызмет көрсету саласына жұмысшы мамандықтар қажет болып тұр. Экономиканың өсуі және зауыттардың пайда болуынан бізге инженер-техникалық кадрлар қажет болып тұр.  

Қазір Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды сияқты 9 облыс пен Астана қаласы бойынша сұранысқа ие болатын мамандықтар картасы дайын. Бас қалада жұмысшы мамандықтарын әзірлеу үшін «жол тап» әлеуметтік жобасы қолға алынған. Үміткерлер арнайы оқу бағдаламасы аясында белгілі бір кәсіпті санаулы күнде игеріп шығады. Оларды өндіріс орындарында тәжірибеден өткізу және жұмысқа орналастыру мүмкіндігі де қарастырылған.  

Қуатжан - сондай жаңа кәсіпті игерген жастардың бірі. Арнайы куәлік алып, Астанадағы көп профильді зауытқа жұмысқа тұрғанына екі апта болыпты. Ол бұған дейін бағдарламашы дипломы бола тұра жарты жыл жұмыс таба алмаған екен.

Қуатжан Бояндинов, «Жол тап» жобасының түлегі:

-Тәжірибесі аз адам ретінде маған жұмыс табу қиын болды. Сондықтан жұмыс бағытын өзгерту туралы шешім қабылдадым. Әлеуметтік жоба аясында «полимер-ұнтақты бояушы» тегін курсын аяқтадым. Бұл біздің нарыққа енді келіп жатқан жаңа мамандық. Сондықтан соны таңдадым. Оқудан соң бірден жұмысқа орналастым.

Екі қолға бір күрек іздегендерге құлаққағыс! Жоба аясында астаналықтар 19 мамандық бойынша қысқамерзімді курстарға қатыса алады. Оның 12-сі электргазбен дәнекерлеуші, жиһаз құрастырушы, тігінші сияқты жұмысшы мамандықтар. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Бауыржан Ебелеков