Арқалықта су құбыры толық жаңартылып жатыр. 2 жыл ішінде 40 шақырым құбыр ауыстырылған. Бұл апаттың алдын алып, тұрғын үйлерге ауызсуды үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді.
Мына тұрғын үйдің жоғарғы қабатында тұратындар жаз бойы су жинап әлек болатын. Үшінші қабаттан әрі қарай тіршілік нәрі жетпей, құбырдағы судың қысымы төмендеп, тұрғындар жылдар бойы әбігерге түскен.
Айгүл Садықова, Арқалық қаласының тұрғыны:
-Мен осы үйде төртінші этажда тұрамын. Бізде судың көтеру мәселесі өте ауыр болды. Егер де базардың арғы жағында жер үйдегілер кешке жақын огород суаратын болса, бізге су көтерілмейді. Осыдан екі жыл бұрын қалада тұрбалар ауыстырылды. Жерді қазып, тұрбасын ауыстырғаннан кейін бізде қазір су жақсы, тамаша. Қатты ағады, ағыны жақсы.
Арқалықтағы су жүйесін толық жаңартуға республикалық бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылып жатыр.
Өміржан Әбдібеков, Арқалық қалалық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Арқалық қаласының су құбырының тозуы 86% асқан болатын. Сол себепті біз 2023-тен жұмыс істедік. Бірінші кезеңде су құбырын ауыстырдық. Ол кезде 20 шақырым су желілерін ауыстырдық. Осы жылға 19,3 шақырым су желілерін ауыстыру жобаланған.
Тозығы жеткен шойын құбырлардың орнына полиэтиленнен жасалған жаңа құбырлар салынып жатыр. Мамандардың айтуынша, олар 25 жылға дейін шыдайды. Бүгінде құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Ерлан Асқарбай, участок бастығы:
-Жалпы жоспарымыз қазан айына жоспарланған. Біз енді жұмыстың 70% біткендіктен қыркүйек айында жалпы жұмысымызды аяқтасақ па деген жоспарымыз бар. Жұмыс қарқыны жақсы жүруде. Ешқандай кедергі жоқ. Бәрі бірқалыпты.
Өңірде ауылдық жерлердегі су құбырлары да жаңартылып жатыр. Жыл соңына дейін 20 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Тағы 13 елдімекенде су тарату пункті ашылады. Осылайша ауыл халқын 100% ауызсумен қамту жоспарланып отыр.
Асланбек Шығыр, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг