Үлкен Алматы каналына су жіберіле ме?

  • 49
  • 23.07.2025, 18:46

Өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған Үлкен Алматы каналының 23 шақырымы мегаполис арқылы өтеді. Қала аумағындағы каналдың қазіргі жағдайы мәз емес. Бірнеше жылдан бері су жоқ, инфрақұрылымы да тозған. Каналға қашан су жіберіледі?  

Ертеректе каналдың арнасы суға толып, айналасында тіршілік қайнаған дегенге қазір сену қиын. Каналдың су көрмегеніне 7-8 жылдай болған. Күтім болмағандықтан айналасы қурап, табаны тозып, бетондары бүлінген. Бос жатқан каналды көрген әркімнің көкірегінде бір сауал: неге су жоқ? 
 
Ирина Зуева, қала тұрғыны:

-Біз бұл жерде көп жыл бойы тұрамыз. Бұрын бұл жерде қайық, катамаран жүретін. Бауман тоғайында демалыс аймағы болатын. Ауа таза әрі салқын еді. Үйрек, қырғауылдар мекендейтін. Кейін бірте-бірте тозып кетті. Ара-тұра жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрды. Бірақ су жоқ.

Танзира Есжанова, қала тұрғыны:

-Осы жерде тұрамыз. Осы жерге салқынға келеміз ғой, талдың көлеңкесіне. Салқын, балаларды ертіп келеміз, өзіміз келеміз, кішкене пана болса екен деп, демалайық деп. Келген кезде осы су болса ғой деймін, салқын ұрып тұрар ма еді? Мына жерлер көгеріп тұрар ма еді. Құрғап кеткен ғой мынау. 

Үлкен Алматы каналына су Бартоғай қоймасынан келеді. Каналдың жалпы ұзындығы 150 шақырымға жуық. Оның 23 шақырымы Алматы арқылы өтеді. Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандарының егіс алқаптары осы канал суымен суарылады. Ал қалаға келетін су жолына бөгет салынған. Тек Бартоғайда судың көлемі артқанда аздаған мөлшерде каналға жіберіліп тұрады. Арнасы толатындай су жіберуге оның инфрақұрылымы көтермейді.
 
Жомарт Абықан, Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:

-Үлкен Алматы каналына соңғы рет 2020 жылы су жіберілген. Одан кейін тоқтатылды. Тоқтатылу себебі Құлжа Рысқұлов жолының қиылысында үлкен жол айрырығы салынды. Сол құрылыс жұмыстары біткенше су түсіру жұмыстары тоқтатылды. Одан кейін Тіксай өзені Рысқұлов даңғылының астынан өткіздік. Соған байланысты су түсіру жұмыстары тоқтатылды. 

Үлкен Алматы каналының мегаполис ішімен өтетін аңғарында Пархач демалыс аумағы, Баум тоғайы мен Гүлдер саябағы орналасқан. Жаздың аптабында тұрғындар осы жерлерді аралайды. Бірақ қаңсыған бетон құрылымдар қаланың сәнін бұзып тұр. «Ал су келсе, жасыл желек те жайқалар еді»,– дейді тұрғындар.
 
Жомарт Абықан, Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:

-Құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарының мерзімі 15 ай. Көлемі 2026 октябрь айына аяқталу жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Сол жұмыстардың бәрі бітсе, келесі жаз мезгілінде су түсіру жұмыстарын қарастырамыз. 

«Үлкен Алматы каналын абаттандыру жұмыстары бойынша қала әкімдігі биыл маусым айында «Павлодар өзен порты» компаниясымен келісімшарт жасаған. Жобаның құны 12 миллиард теңге»,– дейді әкімдік өкілі. Жоспар бойынша каналды жөндеу, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын салу, жарық жүргізу көзделген. 

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Эдуард Кон