Рақымшылық: Түрмеден босағандар қоғамға қалай бейімделеді?

  • 55
  • 23.07.2025, 18:43

Қазақстандағы 78 түрмеде 32 мыңға жуық адам жазасын өтеп жатыр. Олардың 15 мыңына Ата Заңның 30 жылдығына орай рақымшылық жасалады. Қылмысының санатына қарай кейбірі бостандыққа шықса, енді бірінің жаза өтеу мерзімі қысқарады. Соттың оң шешімін алғандардың алды теміртордан босап та жатыр. Енді олар қайда барады? Қоғамға қалай бейімделеді? 

Бұл Сергей. Қылмыстық Кодекстің 430-бабы, бірінші бөлігімен 1 жыл 27 күнге сотталған. Қарағанды облысындағы 61 мекемеде жазасын өтеп жатқан. Енді рақымшылыққа ілініп, күні кеше сот залынан босатылды. 

Сергей:

-Мен сотталған соң отбасым қатты қиналды, 2 балам бар. Түзеу мекемесінде аспаз болып жұмыс істедім. Енді заңға бағынамын.

Жалпы Қарағанды және Ұлытау облыстарында 10 түзеу мекемесі бар. Онда 4 мың 420 адам жазасын өтеп жатыр. 700-дейі амнистиядан үмітті.  

Игорь Бендерский, Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары, Әділет полковнигі:

-Біздің аймақ бойынша амнистияға 117 әйел, 528 ер адам ілінеді деп отырмыз. Олар бұзақылық, ұрлық, тонау, көлік ұрлау сияқты қылмыспен сотталғандар. Ал ауыр қылмыс жасаған, оның ішінде жемқорлық, азаптау бабымен істі болғандар рақымшылыққа ілінбейді.

Рақымшылық тізіміне ең алдымен баласы бар әйелдер, қарттар, кәмелетке толмаған балалар сияқты әлеуметтік осал топтағы азаматтар ілінеді. Сондай-ақ жаза мерзімі 15 жылдан көп болмауы керек.  
 
Еркін Нұрахметов, ІІМ ҚАЖК Пробация қызметіне басшылық ету басқармасының бастығы, Әділет полковнигі: 

-12 рақымшылық заңында жазылған, жергілікті атқарушы органдар босатылғаннан кейін оларға әлеуметтік құқықтық көмек көрсетеді.
 
Осы амнистияға ілігетін сотталғандар арасында түрмеден шыққан соң, барар жер, басар тауы жоқ, күтіп отырған туғаны жоқ, қоғамнан оқшауланып қалатындары бар.

Игорь Бендерский, Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары, Әділет полковнигі:

-Бізде рақымшылықпен бостандыққа шығатын бір ер адам, бір әйел кісі бар. Екеуінің де жасы 58-де. Ешкімі жоқ. Әйел адамның баласы бар екен. Соны іздеп жатырмыз. Бірақ ол шешесін қабылдай ма, қабылдамай ма деген де күмән бар. Ал ер адамның мүлде ешкімі жоқ. 

Психолог Зарина Кенжекардың айтуынша, ұзақ жыл изоляцияда болған бұл азаматтарды ортаға бейімдеп, әлеуметтендіру үшін психологиялық көмек ауадай қажет. 

Зарина Кенжекар, психолог:

-Қоғам ол адамдардан қорқады. Қорқатындай себебі бар. Бірақ ол жақтан шыққан адамдар оларда да қорқыныштың ішінде үрей бар, жай қорқыныш емес.

Сотталған деген таңба олардың жұмысқа орналасуына да кедергі. Бұл ретте кәсіпкер Эмин Әскеров қайырымды іс жасап отыр. Ол істі болған азаматтарды жұмыспен қамтуға әзір.     

Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:

-3 жыл бұрын 45 колонияда біз ағаш ойыншық жасайтын цех аштық. 30 жуық сотталған сол жерде жұмыс істеді. Адам адасады. Оған екінші рет мүмкіндік беруіміз керек. Ол азаматтардың арасында өте шебер жандар бар. 

Көп сотталғанға Сергей сияқты сот залынан босап, отбасымен қауышатын күн жақын. Оларды пробация қызметі күтіп алады. Қолдан келген көмекті көрсетіп, тура жолда өмірін жалғастыруға жәрдемдеседі. Ал мемлекеттің бұл кешіріміне, сеніміне қиянат жасамау оларға жүктелетін ауыр жауапкершілік. 

Мақпал Мадиярова, Қали Несіпбаев