Ақмола облысының орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі шаралары күшейді. Жыл басынан бері аймақта 21 орман өрті тіркелген. Қазіргі таңда өңірде 50 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 100-ден астам жедел топ орман алқаптарын күнделікті аралайды.
Оқу-жаттығу шарты бойынша «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді филиалы аумағында өрт шықты. Оқиға орнына орман өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері жедел жетті. Олар арнайы техниканың көмегімен өртті тез арада өшірді.
Бахтияр Олжағұлов, «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалы өрт сөндіру бекетінің бастығы:
-Біздің бөлімшеде 4 өрт сөндіру көлігі, шағын өрт сөндіру кешені бар. Биыл 5 қосымша көлік берілді. Өрт немесе түтін пайда болған жағдайда кезекше біздің бекетке хабарлайды. Біз бірден оқиға орнына шығамыз. Өрт орнына жету үшін орташа есеппен 15-20 минут қажет. Өртты сөндіру үшін жылдам әрі жедел әрекет ету керек.
Ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары орманшылар жаңа өрт сөндіру құрылғыларамен және жаңа техникамен қамтамасыз етілді. Орманшылардың айтуынша, ең бастысы өртті дер кезінде анықтап, оны оқшаулау. Қазіргі таңда ұлттық парк аумағында өртті ерте анықтау жүйесі жұмыс істейді. Сонымен қатар орман алқаптары арнайы мұнаралардан бақыланады.
Көшпай Бұқанов, «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалының директоры:
-Қазіргі таңда бізде өртті ерте анықтау жүйесі жұмыс істейді. Басқару орталығынан біз бейнекамералар арқылы орман алқаптарын бақылап отырамыз. Камералар түтінді немесе өрт ошағын бірден анықтайды. Филиал аумағында үш бейнекамера ең биік жерлерде орнатылған.
Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандары ерекше бақылауға алынды. Бұл аудандарда орманға келетін туристер көп болғандықтан, өрт қаупі де жоғары.
Абзал Құсайынов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
-Орманшылар күнделікті алқаптарды аралап жүреді. Сонымен қатар біз құтқарушылар және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, ормандағы қауіпсіздік ережелерін сақталуын тексереміз. Рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.
Жыл басынан бері тікұшақтармен әуеден патрульдеу жұмыстары да ұйымдастырылды. Үш әуе бөлімшесі өңірдің орман алқаптарын күнде бақылап отырады.
Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев, Ақмола облысы