ШҚО-да жол бойына қауіпсіздік торы құрылып жатыр

  • 117
  • 24.07.2025, 18:50

Ел шығысындағы республикалық және облыстық деңгейдегі жол бойына қауіпсіздік торы құрылып жатыр. Негізгі мақсат - қараусыз жайылып жүрген малдың тас жолға шығып кетуіне кедергі жасау. Сондай-ақ жол қызметкерлері шаруа қожалықтарын аралап, малға тағуға арналған жарық шағылыстыратын лента таратып жүр. Жыл басынан бері бұл өңірде малдың кесірінен 11 жол-көлік апаты тіркелген. Бір адам көз жұмып, 15-і жарақат алған. Шектеу торы алдымен қай аудандарға қойылады?  

Нұржан Жанабаев 25 жыл бойы мал өсіріп, шаруасын дөңгелетіп келеді.  Былтыр отардан бөлініп қалған 12 бас қойын көлік қағып кеткен. Мал иесі ретінде 3 миллион теңге шығынды өтеді.

Нұржан Жанабаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

-Өзім таңғалдым, бірінші соққыдан кейін машина тормоз беру керек қой, анау 12 қойды кәдімгідей бөліп тастады. Аяғында өзім кінәлі болдым. Өйткені мені малға ие болмады деген.

Жол қызметкерлері таратып жүрген жарқырауық таспаны қуана қабылдады. Таспа көлік жүргізушілерінің көзіне түнде бірден түседі. Бұдан бөлек Қазавтожол жұмысшылары жол бойына шектеу торын құруға кірісті. Ол үшін ең қауіпті учаскелер таңдалған.

Еркін Итжанов, Жол бойындағы қызметті дамыту компаниясының өкілі:

-Өткен жылдары көлік оқиғалары болған жерлерді, көп мал соғылған жерде, сол жерлерге біз осындай сеткаларды қоямыз деп шештік.

Қауіпсіздік құрылғысы алдымен көлік ағыны көп Ұлан ауданына орнатылып жатыр.

Теміртордың жыртылмай құламай, бүлінбей тұруын сол маңдағы шаруашылық иелері қадағалауға дайын. «Мал мен жан амандығы үшін мұндай жауапкершіліктен бас тартпаймыз»,– дейді олар. Мінеки ана Айыртау ауылынан өріген мал енді мына трассаға шыға алмайды, мұнда 1 шақырымнан астам тор тартылған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, иесіз малды қағып кету оқиғасы Ұлан, Самар, Тарбағатай, Зайсан аудандарында жиі тіркеледі.

Динара Мұратова, ШҚО ДП жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:

-Уақытша мал қамау орындары орнатылған, осы орындарда жыл басынан бері 4 мың мал қамалған. 1500-ден астам мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Алдағы уақытта шектеу құрылғысы Өскемен мен Семейдің арасындағы қауіпті учаскелерге де орнатылады. Жалпы биыл аймақта 22 шақырым тор құру жоспарланған. 

Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин