Енді әскери оқу орнына түсу процесі жеңілдейді. Талапкерлер құжатын egov порталы арқылы тапсыра алады. Тіпті бұрын оқып жүріп, қандай да бір себеппен оқудан қол үзген студент те жеке кабинеті арқылы әскери білімді қайта жалғастыруға өтініш бере алады. Сондай-ақ әскери оқу орындары үшін бірыңғай цифрлық платформа әзірленді. «Әскери зият» аталатын бұл жаңа жүйе оқу процесін автоматтандыруға, әскери қызметшілерді қашықтан оқытуға және оқу орындарын бір кеңістікке біріктіруге мүмкіндік береді. Ал оқу процесіне қатысты кей қызметтер Sarbaz 2.0 жобасы аясында жасанды интеллект көмегімен автоматтандырылады.
Дархан Ахмадиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
-Бұдан өзге Sarbaz 2.0 жобасы аясында жасанды интеллект элементтерін енгізуді қарастырып жатырмыз. Олар ЖОО берген ұсынымдарды пайдаланушы профиль арқылы бағдарламаларды таңдауды, құжаттарды автоматты түрде тану мен тексеруді және оқу үлгеріміне талдау жүргізуді, ЖОО-ға оуға түсу бойынша ұсынымдарды беруді қамтиды.