Түркістан облысында бұқар бұғысы көбейді

  • 120
  • 24.07.2025, 19:03

Түркістан облысында бұқар бұғысы көбейіп келеді. Ашатұяқты жануар өткен ғасырдың ортасында бұл өңірден жойылып кеткен еді. Алайда соңғы 25 жылда қайта оралып, бөлек тәлімбақта көбейе бастады. Қазір ондағы бұғы саны 250-ден асып, біразы табиғи ортаға жіберілген. 

Кезінде жоғалып кеткен бұқар бұғысын қазір Сырдарияның айналасындағы тоғайлардан көруге болады. Қызыл кітапқа енген жануар жыл санап көбейіп келеді. Бұл табиғат жанашырларының ширек ғасырлық еңбегінің нәтижесі. 

Ирина Ширяева ен даланың еркелерін қолға үйретіп алған. Ал күйеуі Федор олардың қайта түлеуіне үлес қосқан жан. «Бәрі 2000 жылдары Отырар ауданына әкелінген 70 бас бұғыдан басталды», – дейді маман.

Фёдор Бочаров, бұғы бағушы:             

-Қазір бұқар бұғыларын Қызылорда облысынан бастап Шардараға дейін кездестіруге болады. Біз олардың табиғи ортаға тез бейімделіп кетуіне барымызды салдық. Бұл олардың тарихи мекені.

Қазір бұғы саны 250-ге жетті. Көбі табиғи ортаға жіберілген. Қалғаны әзірге тәлімбақтың аумағында жүр. 

Құралбай Зәрменов, «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің маманы:

-Бұқар бұғылар ол сиыр тектес жануар. Жылына бір мәрте мүйіз тастайды еркектері. Сосын егіз тууы өте аз кезеседі. Бірақ туыда егіз екеу. Анда-санда көреміз бізде видеокамералар бар, фото фиксаторлар бар. Солар арқылы күйін, жайын көріп тұрамыз.

Мамандардың айтуынша, болашақта бұқар бұғылары тарихи мекенінде көбейіп, иен даланың төсінде еркін жайлатын болады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Катериан Попкова, Самат Нағашыбекұлы