Қарағанды облысының Приозерск қаласында кәріз суы жылдар бойы далаға төгіліп жатыр. Ал осыдан 11 жыл бұрын қалдық суды тазалайтын станция болады деген нысан құрылысы біткенімен, әлі іске қосылмады. Бюджеттің екі миллиард теңгеге жуық ақшасы жұмсалған станция неге қаңтарулы тұр?
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Приозерск қаласында тәулігіне 6-7 мың текше метр кәріз суы шығады. Ол ескі әдіспен қала маңындағы тоғанға төгіледі. Осыған байланысты 2014 жылы кәріз суын тазалайтын станция құрылысы басталған болатын. Құрылыс толықтай аяқталды. Бірақ әлі күнге іске қосылған жоқ.
Бастапқы жоспар бойынша құрылыс үш жылда бітуі тиіс еді. Алайда доллар бағамының өсуіне байланысты тоқтап қалды. Станцияға қажетті желілер екі есеге қымбаттап, шетелден дер кезінде жеткізілмеді. 2017 жылы жергілікті билік мердігерді сотқа берген. Сот шешімімен құрылыс уақытша тоқтатылып, 2018 жылы жобаға түзету енгізілген. Сол бойынша конкурс ойнатылып, оны ұтып алған мердігер де істі соңына дейін жеткізе алмапты.
Темірхан Айдарханов, Приозерск қаласы әкімінің орынбасары:
- Ол кісі де пандемия басталып кетті де, ештеңе таппай, сотқа беріп, жауапсыз деп танылды. Ақшасын бюджетке қайтарып бердік. Содан бері бұл объектіде 2020 жылдан бері ешқандай құрылыс жасалған жоқ. Іске қосу жұмысы жасалмай, биыл жергілікті бюджеттен ақша бөлініп, қазір іске қосу бойынша жоба әзірлеу жүргізіліп жатыр.
Станция іске қосылған жағдайда тәулігіне 8 мың текше метр кәріз суын тазарта алады. Мұнда Белорусь пен Германиядан әкелінген заманауи қондырғылар орнатылған. Мамандардың айтуынша, желілер ескірмеген. Мұнда кәріз суы бірнеше кезеңмен тазартылып, залалсыздандырылады. Онымен көшедегі ағаш пен бау-бақшаны суаруға болады.
Амантай Иманғалиев, учаске бастығы:
- Биогумусын енді қаланың ішіне ағаш, гүлдерді отырғызуға болады. Тіпті қаладағы үйлердің бақшасына да салуға болады. Ал тазартылған суды қалаға жіберуге болады. Суару жұмысына пайдалануға болады.
Қазір Приозерскіде 14 мыңға жуық адам тұрады. Қаладан тәулігіне 7 мың текше метрге дейін қалдық су шығады. Ол ескі әдіспен жылдар бойы мына арнайы тоғанға төгіліп келеді.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит