Приозерскте көпқабатты 8 үй қауіпті жағдайда тұр

  • 55
  • 29.07.2025, 18:38

Техникалық сараптама жасалып, алдымен 5 үйге жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды. Іргетасы сөгіліп, қабырғасы қақырай бастаған баспана тұрғындарын үрей билеген. Тұруға қауіпті деп танылған бесқабатты бір үйді жөндеу биылға жоспарланған еді. Алайда жұмыс әлі басталмаған.  

Приозерск қаласындағы мына бесқабатты үйдің іргетасы сыр берген. Салдарынан қабырғасы жарылып, плиталары қозғалған. 78 отбасы тұратын баспанаға техникалық сараптама жасалып, мамандар 1-ші деңгейдегі қауіп бар деген қорытынды шығарды. Жақында мұнда күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

Бекзат Кенжебаеваның отбасы үш жыл бұрын осы үйден пәтер сатып алған. Баспананың қауіпті жағдайда екенін білмепті. Жылдан жылға пәтердің едені түсіп, есік-терезелері қисайып бара жатыр дейді.

Бекзат Кенжебаева, Приозерск қаласының тұрғыны: 

-Терезелеріміз дұрыс жабылмайды. Қыста кәдімгідей жел үрлейді. Біз негізі резеңкелерін ауыстырғанбыз. Бірақ одан да жел үрлей берді. Сіздердің қабырғаларыңыз қисық болғасын деді. Басында өзім білген жоқпын. Бұл үйді сатып алғаннан кейін үй апатты екенін айтты.

Тұрғындардың шағымынан соң жергілікті билік үйге техникалық сараптама жасатты. Оның қорытындысы бойынша баспананың іргетасын шұғыл түрде нығайтып, қабырғасын темір құрсаумен қапсыру қажет деген шешім қабылданған. Бұған қоса шатыры мен қасбетін де жөндеу жоспарланған. Алайда осы жазға уәде етілген жұмыс әлі басталмаған.

Бағдат Жүнісова, Приозерск қаласының тұрғыны:

-Келіп жатыр, тексеріп жатыр, сараптама жасалды. Енді жөндеу жасалады деген, әлі соны тосып отырмыз. Енді үйдің жағдайы осындай. Апатты, жөндеу түк жасай алмай отырмыз. Дымоходты істеп берсе, үйіміз сасып, көгеріп жатыр. Одан қалса күллі терезелеріміз шағылып жатыр.

Қалада қауіпті жағдайдағы 8 тұрғын үй бар. Қазір 4 үйді қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжат жасалды. Соның негізінде бюджетке өтінім жіберіліп, ақшаның бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен жөнделеді. Ал мына бесқабатты үйді жөндеу жақында басталады.

Темірхан Айдарханов, Приозерск қаласы әкімінің орынбасары:

-Бұл жерде 2015-2016 жылы корпустарын нығайту жұмыстары жасалған болатын. Өткен жылдан бастап жарықтар қайта пайда болды деп шағым түсе бастады. Бүгінгі күні апат алды деген тағы қорытынды алынды. Облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, сатып-алу жұмыстары жүргізілді.

Қалған үш үйдің техникалық жағдайына қатысты құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Приозерск Балқаш көліне жақын орналасқан. Геологтардың мәліметінше: «Жерасты суының жақын болуы үйлердің іргетасына әсер еткен»,– дейді. Жалпы қалада 80-ге жуық көпқабатты тұрғын үй бар. Көбі жарты ғасыр бұрын салынған үйлер. 

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит